Экономиканың тіні - шағын және орта кәсіпкерлік - республикалық басылымдарға шолу
***
«Бізге дәл қазір өте ірі кәсіпорындардың керегі жоқ. Бізге 20-30-50 адам жұмыс істейтін кәсіпорындар керек. Бұл өте икемді өндіріс. Германия 90 пайыз өнімді шағын және орта кәсіпкерліктен алады. Сондықтан да бұл ел экономикалық дағдарысты оңай өткерді. Өйткені онда өндірісте аз құрамда жұмыс істейді. Оның шығарған өніміне сұраныс төмендесе, басқа өнім түріне ауысады. Ал ірі өндіріс орындары олай жасай алмайды. Сондықтан бізге өте икемді, тиімді өндіріс қажет», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы сапары барысында. Мемлекет басшысының оңтүстік өңірдің жағдайына және онда атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты айтқан ой-пікірлері жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Экономиканың тіні - шағын және орта кәсіпкерлік» атты мақалада.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, шетел инвесторлары, даму институттары және Жамбыл облысының жеке кәсіпкерлері арасында іскерлік әріптестік, экономикалық алыс-беріс жөніндегі түсіністік жылдан жылға ұлғайып келеді. Мысалы Жамбыл облысының экономикасын дамытуды жеделдету мақсатында және аймаққа инвестициялар тарту үшін ынтымақтастық туралы 5 келісімге, ынтымақтастық туралы 2 меморандумға, 1 экспорттық келісімге және
1 қарыз келісімге қол қойылған. Қол қойылып рәсімделген мұндай құжаттар Италиядан, Франциядан, Испаниядан, Ресейден және Ираннан келген әріптестермен байланысты нығайтуға жағдай туғызды.
Мемлекет басшысының Жамбыл облысына жасаған сапары барысындағы мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Атқарылған жұмыс көп, ал атқарылатын жұмыс одан да мол» атта мақаладан білуге болады.
***
«Айқын» басылымына сұхбат берген Қазақ мал шарушалығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Қадірбай Тәжиевтің сөзіне қарағанда, кезінде елімізде 60 миллиондай құс болыпты. Қазір соның жартысындай ғана құс бар. Ал біз жыл сайын жарты миллион долларға шет мемлекеттерден құс етін сатып аламыз. Ол теңгемен есептегенде 1 миллиардтан асып кетеді. Егер осыншама мол қаржы шетел аспай отандық құс шарушалығын дамытуға жұмсалғанда ол жан-жақты пайдалы болар еді. Өйткені ол бір жағынан құс еті түрінде халқымыздың осы өнімге деген сұранысын өтеуге қызмет етсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындары, табыс көздері ашылып, белгілі бір мөлшердегі ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына да қызмет етер еді. Институт директорының елдегі осы тектес мәселелерге қатысты ой-пікірлерін «Қазақ - мал бағудың мың түрлі әдісін меңгерген ұлт» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, қазақ басқа-басқа жүрек дертімен ауырмаған. Бірлі жарым кездесіп қалатындары болмаса.Сонда қазақ неге ауырмаған және қазір қайдан аурушаң болып қалды. Бұл мәселені терең зерттеген Ұлттық ғылыми-медициналық орталық дәрігерлерінің айтуларынша, қазақтың генетикалық тазалығы бұзыла бастаған. Басты себептердің бірі - осы. Қолында құжаты болмаса да жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеудің қан тазалығын сақтайтынын білген халқымыз, әлбетте ауырмаған. Бұл мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Жеті атаға жетпей үйлену - жүрекке жүк түсіреді» атты мақалада.
***
«Казахстанская правда» басылымы «Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен тұстан бастап, оның бделін арттырып, қақтығыс аймақтарындағы жағдайды барынша тұрақтандыруға тырысты», деп жазады. Басылымның хабарлауынша, бұл саясат Қырғызстандағы дағдарыс кезінде өзін ақтады. Бұған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемнің әйгілі лидерлерімен келісілген түрде жасалған Қазақстанның қадамы Қырғызстандағы кең көлемде болуы мүмкін азаматтық соғыстың алдын алуға мүмкіндік берді», деді. Бұл жағдай ЕҚЫҰ-ның қызметіне тың серпін беріп қана қоймай, ұйымға деген сенімді де арттырды», деп жазады басылым тілшілері. Бұл туралы «Казахстанская правданың» бүгінгі санындағы «На пути к историческому саммиту» атты мақалада.
***
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының астаналық саммиті өтетін уақыт та таяп қалды. Олай болса, аталмыш жиынға қатысатын мемлекеттерге дайындық жұмыстарын жандандырған абзал. Жалпы алғанда халықаралық ұйымның кез-келген кездесуі үлкен тарихи оқиғалармен байланысты болды және әрбір кездесу еуропалық қауіпсіздік мәселесіне жаңаша реңк беріп келді. Ал Қазақстанның аталмыш ұйымға төрағалығы өте бір қиын әрі күрделі кезеңдермен сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс экономикалық, саяси және әлеуметтік қауіпсіздік мәселесіне өзгеше көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Сондықтан алдағы Астана саммиті де ЕҚЫҰ мен қатар еуроатлантикалық кеңістіктегі атулы оқиғалардың бірі болып қалатыны сөзсіз. Алдағы уақытта елімізде өткелі отырған алқалы жиын туралы «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «От Хельсинки до Астаны» атты мақаладан оқисыздар.