Екпе қауіпті ме? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Екпе қауіпті ме? - баспасөзге шолу

***

Сенат депутаты Жабал Ерғалиевтың «балаларға жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін екпе жасатпаған ата-аналарды жауапқа алу керек, тіпті балаларын мектеп, балабақшаға кіргізбеу мәселесін қарастыру қажет» дегені қоғамда дүрбелең туғызды, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Екпе қауіпті ме?" атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, өйткені бірнеше облыста қызылшаға қарсы жаппай екпе жүргізгеннен кейін халі нашарлаған жасөспірімдердің жағдайы тұрғындарды шошытып отыр. Мәселен, қазір республика бойынша қызылшаға қарсы егілетін екпеден кейін Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында шу шыққан. Енді вакцинаның пайдасы халық көңілінде сенімсіздік ұялатуда. Себебі ақ­пан айының орта­сынан бастап еліміздегі 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге жүргізілген қызылшаға қарсы иммундау шараларынан кейін 294 бала ауырып қалған. Мұндай екпе бұдан 10 жыл бұрын жасалған екен. Көпшіліктің үрейін туғызған екпе енді уақытша 4 мамырға дейін тоқтатылды. Алайда медицина мамандары вак­цина еш қауіпсіз екенін айтып, дабыл қағуда. Олар екпе алғандардағы бас айналу, талып қалу, бас ауыру сияқты тіркелген уақытша ауру белгілерін - адамның иммундау кезіндегі «қорқыныш» реакциясы деп түсіндіруде және оның вакцинаға қатысы болмайтынын айтты. Солай дейік, бірақ бәрінен де алаңдататыны, олардың денсаулығына кім жауап бермек? Өйткені жұқпалы ауруларға қарсы кейбір екпелерден кейін көз жұмып, мүгедек болып қалып жатқандары да аз емес қой?! Сонда вакцинаның қатысы болмаса, қалайша мүгедек атанады? Әлде депутат айтқандай, жауапты мемлекеттік органдардың иммундау, вакциналаудан бұрын жұрт арасында түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегені ме? Мақалада сондай-ақ бірқатар медицина мамандарының екпеге қатысты пікірлері беріліп отыр. Жуырда Болашақ қауымдастығы әйгілі «Золушка» ертегісін қазақшаға тәржімалады. «Золушканы» аудармашылар «Күлбике» деп алыпты. Миллиондаған баланы тәтті қиялға бөлейтін «Золушка» ертегісін «Күлбике» деп аударғаны көңілге қонды, деп жазады аталған басылым "Әр арнаның тілі басқа..." атты мақаласында. Автордың жазуынша, осыдан бірер күн бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасы тура осы «Золушка» ертегісінің желісімен түсірілген Уолт-Дисней өнімін көрермендеріне ұсынды. Ұлттық арна әйгілі мультфильмді «Күлше қыз» деп тәржімалаған екен. Жекеменшік арналардың бірінде «Золушканың» тағы бір нұсқасы экраннан жылт ете қалды. Бұл мультфильм де қазақшаға аударылған. Бұл жолғы атауы - «Күлдібикеш». Сонымен, бір «Золушканың» біз естіген қазақша үш түрлі нұсқасы бар: «Күлбике», «Күлше қыз», «Күлдібикеш». Қайсысы, қазақша ұғымға жақын? Кеңес заманында Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер студиясында киноаударма бөлімі жұмыс істеді. Сол бөлім «Қазақфильм» тарихында 500-ден астам фильмді қазақша сөйлетіп, көрермен назарына ұсынды. Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай бұл мәселе туралы ойын білдіріп, былай дейді: Э.Рязановтың «Қызметтестер хикаясы» фильмін алайық. Баяғы «Қазақфильмнің» аудармасы мен 2006 жылы «Астана» телеарнасы жасаған асығыс «қотарманы» салыстырсаңыз, екеуі - екі бөлек дүние. «Какая муха укусила тебя?» дейтін сөйлем бұрын «Сені не түлен түртті-ей сонша?» боп аударылған еді. Ал «Астана» арнасы оны... «Сені қандай шыбын шағып алды?» деп аударған! **** Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған саяси, экономикалық жетіс­тіктерге жетіп, оны одан әрі нығайту жолында тұрғанда халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту ерекше талап болып табылады, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Ынтымақтастық ырысы артпақ" атты мақаласында. Автордың атап өтуінше, есірткі тасымалы, адам саудасы, лаңкестік, діни экстремизм, арам жолмен табылған табысты заңдастыру және басқа да қылмыстар қазіргі заманда ұлтаралық сипатқа ие болды. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық ынтымақтастықты құқықтық реттеу амалы бүгінде ерекше маңызға ие дейміз. Сондықтан оның шарттары мен тәртібі тиісті келісімдермен ғана анықталмақ. Осы орайда қылмысқа қарсы әрекет ету саласындағы халықаралық-құқықтық өрісті кеңейту үшін Бас прокуратура қылмыстық іс жүргізу бойынша халықаралық келісімшарттарды жасауда шетелдік әріптестермен бірге тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Соған сай Бас Прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель: «Жақын келешекте біз құқықтық саладағы қазақстандық-америкалық қатынастарды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Соның ішінде, біз бүгінде 1992 жылғы 23 мамырдағы қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы, 1933 жылғы 26 жел­тоқсандағы экстрадициялау және 1993 жылғы 9 маусымдағы сотталғандарды табыстау жөніндегі америкааралық конвенцияларға Қазақстанның қосылуы туралы мәселені қарау үстіндеміз, бұл жалпы алғанда америкалық кон­ти­нент елдері және Америка Құра­ма Штаттарымен қылмыстық сот ісі ая­сындағы халықаралық ынты­мақ­тастықты реттеуге мүмкіндік бере­ді», - дейді. **** Ақмола облысының тұрғындары "Тарихи автобуспен" жүрді, деп жазады "Казахстанская правда" газеті бүгінгі санындағы "Шел по городу автобус" атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Көкшетаудағы бұл ерекше акция Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Оны Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Шараға "Көкшетау автобус паркі" ЖШС, Ш. Уәлиханов атындағы КМУ тарих факультетінің студенттері, жолаушылар және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен БАҚ қызметкерлері қатысты. Акция барысында оларға тарих бойынша сұрақтар қойылып, қызықты викторина ойнатылды. Сондай-ақ жолаушылар түрлі тарихи деректерге қанықты. Шара барысында бағалы сыйлықтар үлестіріліп, символикалық белгі ретінде 550 жалауша таратылды.