ЭКСКЛЮЗИВ: Жиддадан Меккеге дейінгі сапар және Қағбаны алғаш көргендегі керемет сезім. 2 бөлім

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА фоторедакторы Дәурен Мұхамеджанов Меккеге кіші қажылыққа барып келді. Өзінің фоторепортажының бірінші бөлімінде ол Астана-Әбу-Даби-Жидда сапары туралы әңгімелеген еді.

ЭКСКЛЮЗИВ: Жиддадан Меккеге дейінгі сапар және Қағбаны алғаш көргендегі керемет сезім. 2 бөлім

Ұшағымыз Жиддаға қонған соң тобымыздың басым бөлігі таңғы намазын оқуға бет алды. Таңғы сағат төртте бізді қарсы алған кедендік бақылау қызметкерлері қажылық үшін жол жүріп келгендерден де шаршаулы көрінді.

Таңғы намаздарын аяқтаған соң қажылыққа келушілер өз заттары тұрған кезекке қарай ұмтылды. Жидда әуежайындағы ең басты мәселе - офицер мен қажылыққа келгендер арасындағы тілдік кедергі. Егер сіз ағылшын тілін жақсы білетін болсаңыз, сканерлеу рәсімінен жылдам өтіп кетесіз, ал одан соң кеденшілердің айтқандарын аударып беріп тұрсаңыз өзіңізге де, өз жерлестеріңізге де, арабтарға да көмектескеніңіз. Сөмкелеріміз қолға тиген соң есікке бет алдық. Бізді ол жерде Меккедегі қонақүйге дейін апарған жолнұсқаушы қарсы алды. Айта кетейік, Жидда мен Меккенің арасындағы ара қашықтық шамамен 87 шақырым. Жүздеген жылдар бойы шағын балықшылар айлағы болғанына қарамастан, бүгінгі таңда Жидда үлкендігі жағынан елдегі екінші қала болып табылады. Оны 647 жылы үшінші мұсылман халифі Усман ибн Аффан қажылыққа келушілерді қабылдайтын басты қалаға айналдырды. Сол кезден бері Жидда Қызыл теңіз жағалауындағы маңызды айлаққа әрі сауда орталығына айналды. Қаланың атауы араб тіліндегі «әже» сөзіне жақын келеді, оның Хауа ана туралы аңыздармен байланысы бар. Хауа ана зираты Жидданың көрнекті жерлерінің бірі болып табылады. Хауа ана зираты - Жидданың орталық ішкі қалалық аудандарының бірінде орналасқан археологиялық нысан. Әфсаналарға сенсек, күнәға батқан Хауа ана Жидда маңына тап болған, ал Адам ата Шри-Ланкаға тап болып, Адам ата шыңында өз ізін қалдырған, оны буддашылар Будда ізі десе, шиваиттар Шива ізі деп пір тұтады. Әуежайдан шыққан соң жолдың екі жағындағы шатырларды байқадық. Қажылыққа келушілер олардың астында тұрып Меккеге баратын автобустарды күтеді. Мұнда келушілер саны жылдан-жылға артып отырғанын айта кеткен жөн. Тек қана Умра қажылығына биылғы жылы бір жарым миллионға жуық адам келген. Ал үлкен қажылық кезінде оған келушілер саны 4-5 млн. адамға дейін жетеді. Жиддадан Меккеге дейінгі жол бойында "әл-Харамейн" жоғары жылдамдықтағы темір жолының салынып жатқанын көрдік. Бұл жол Жидда, Мекке және Мәдина қалаларын өзара байланыстыруы тиіс. Жоғары жылдамдықтағы темір жол желісінің салынуы көптеген адамдарға қажылық пен Умра қажылығына, Мәдинадағы пайғамбар мешітіне баруын жеңілдетеді. Қалалар арасындағы автобандар да жақсы күйде. Жол белгілері барлық жерлерге қойылған. Саудтықтар үшін көлік двигателінің көлемінің үлкен-кішілігі аса маңызды емес, себебі, Арабияда жанармай бағасы судан арзан - жанармай маркасына қарай біздіңше алғанда, шамамен литріне 20-30 теңгені құрайды.

Біз келгенде Меккеде күн ашық екен. Қаланың кіре берісінде «Ашық кітап» обелискі мен мұндалап көзге шалынды. «Бұл - Құран» - деп түсіндіріп өтті топ бастаушымыз. «...2011 жылға қарай Меккеде әлемдегі ең ауқымды мұнаралар кешені Абраж әл-Бәйіт салынды, биіктігі жағынан әлемде үшінші орын алатын бұл мұнарада әлемдегі ең үлкен әрі биік сағат бар». Мекке сағаттарын көрген сәтте қуанышым қойныма сыймай кетті - Жер шарының түкпір-түкпірінен келетін түрлі тағдыр иелерімен кездесетін сәтімді асыға күттім. Мұхаммед пайғамбарымыз бастаған Мәдина мұсылмандары Меккеге біздің эрамызға дейінгі 630 жылы кірген, қала шайқассыз беріліп, шаһар тұрғындары ислам дінін қабылдаған. Қасиетті Қағбасы бар Мекке діни орталыққа айналды, мұсылмандар дүниенің қай шетінде болса да, оған бетін қаратып сыйына бастады. Сол кезден бері Қасиетті Мекке діни сенімдегілердің қажылық орталығына айналды. Қала орталығында әлемдегі ең басты әрі ірі мешіттердің бірі әл-Харам орналасқан. Оның реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Arabian Business жазғандай, Меккедегі құрылыс алаңында 7 мыңнан астам инженерлер мен жұмыскерлер жұмыс істеуде. «...Бұл реконструкциялау жұмыстарының бірінші кезеңі 2020 жылға қарай аяқталады...», деді елдің қаржы министрі Ибрагим әл-Ассаф (Ibrahim Al Assaf) журналистермен кездесуі барысында. Барлық жұмыстар аяқталған соң аталмыш мешіттің сыймдылығы 2,5 млн. адамға дейін артады. Салыстыру үшін айта кетсек, Мәдинадағы пайғамбар мешітінің аумағын ұлғайту жобасында оны 1,5 млн. адамға ғана шақтау қарастырылып отыр. Әл-Харам мешітінің ішінде құлаққа тәліптердің әр тұстан шыққан дауыстары жетеді. Әр түрлі тілде сөйлейтін бүкіл әлем мұсылмандары дәл қазіргі сәтте Умраның қандай бөлігін жасап жатқаныңды айтпай-ақ ұғынады. Қағбаны көргендегі алғашқы сәт пен Қағбаны 7 рет айналу туралы келесі ретте әңгімелеп бермекпіз.