ЭКСПО-2017 халықаралық көрме тарихында ең ірі көрмелердің бірі болуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ЭКСПО мамандандырылған көрмесіне ең көп қатысушы мемлекеттерді тарта білген үздік үш ұйымдастырушылардың қатарына енуі ықтимал, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің басшысы Илья Оразақов, қазақстандық тілшілермен болған сұхбатында қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 көрмесіне 104 мемлекет қатысатындығын растағандығын атап өтті. Дегенмен өтініш қабылдау мерзімі әлі аяқталған жоқ, ұлттық компанияның есебі бойынша қатысушылардың саны 110-ға жетуі әбден мүмкін.

«Егер 110 мемлекет қатысатын болса, Қазақстан ЭКСПО мамандандырылған көрмесіне ең көп қатысушы мемлекеттерді тарта білген үздік үш ұйымдастырушылардың қатарына енеді. Бүгінгі таңда бұл тізімді Португалия көш бастап отыр. Онда ЭКСПО көрмесіне 140 мемлекет қатысты. Екінші орында қытайлық көрме тұр, оған 121 мемлекет қатысты. Қазақстанның үздік үштікті тәмамдайтын үлкен мүмкіндігі бар», - деді И. Оразақов.

Оның сөзіне қарағанда, көрме аясында ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақ энергиясы» атты тақырыбына арналған 25 халықаралық конференция өтеді. Көрменің өзі 9-10 маусымда Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы саммитімен ашылады. Оның үстіне мемлекеттердің шаралар күнтізбесі, ұлттық күндерін өткізу даталары анықталуда.

«Әр мемлекет ұлттық күндерін өткізуге мүмкіндік алады. Бір жерде жиналған мемлекеттер бір-бірін аралап, мәдениеттерін, ішкі дәстүрлерімен, өмір салтымен танысады. Қазіргі уақытта 93 күнге созылатын көрме аясында өтетін ұлттық күндердің күнтізбесін жасап жатырмыз», - дейді ол.

Нәтижесінде қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар «Құндылықтар мен принциптер. Көрменің зияткерлік құндылықтары» атты манифестке қол қоюлары шарт. Өз кезегінде бұл құжат тарихи маңызға ие болады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, ЭКСПОкөрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оған 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбы - Болашақ энергиясы». Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге бүкіл әлемнен энерготиімділік, баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологиялар әкелінеді. 

Соңғы жаңалықтар