13:54, 06 Маусым 2014 | GMT +5
ЭКСПО-2017 қарсаңында пойыздардың жолсеріктері қызмет көрсету этикасының қыр-сырын меңгеріп шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» компаниясы «ЭКСПО-2017» қарсаңында қызметкерлерін шетел тілін үйретуге кіріспек. Бұл туралы бүгін «Туризм күнін қолдау» тақырыбындағы дөңгелек үстелде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзов мәлім етті.
«Компания пойыздардағы сервиске айрықша мән беріп отыр. Бүгінде пойыздарды керек-жарақпен жабдықтауды қамтамасыз етудің сапасы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда ЭКСПО-ға дайындықты ескере отырып, компания жоспарында персоналды даярлау бойынша үлкен жұмыстар қарастырылған», - деді ол
А. Қалдыкөзовтің сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда қызметкерлердің қызмет көрсету этикасын арттыру, тілдерді үйрету секілді жұмыстарға басымдық беріледі.
«ЭКСПО-ны өткізу барысында және оған дейін де біздің қызмет көрсету персоналымыз заманауи талаптарға сәйкес болуы тиіс», - деді атқарушы директор.