«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде тұрақ мәселесі туындамайды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіндегі қаладағы тұрақ орындары туралы ақпарат берді.

«Астана LRT» ЖШС көлік түрлерін ескере отырып, қанша тұрақ кеңістігі қажет екендігін есептеді. Сараптама «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұсынған ресми мәліметтердің негізінде жүргізілді.

Сонымен, талдауға сәйкес, көрмеге бір күнде ең көп дегенде 128 700 адам бас сұғады, демалыс күні - 78 800, жұмыс күні 39 400 адам келеді. Ал бүкіл көрме уақытында (93 күнде) 7 күн - ең қауырт күн, 24 - демалыс күні және 62 - жұмыс күні болмақ.

«ЭКСПО тіркеу құжаттамасына сәйкес көлік түрлері мен қозғалыс құралы бойынша сараптама жасалды. Сәйкесінше, келушілердің шамамен 50 пайы­зы қоғамдық көлікті пайдаланады, олардың 36,3 пайызы қалалық автобустармен, 6,3 пайызы экспресс-автобустармен, 14,1 пайызы халықаралық автобустармен, 2 пайызы таксимен, 33,3 пайызы жеке көлікпен келеді. Бұл есеп адам ең көп келетін күндер бойынша жасалған»,- делінген хабарламада.

«Астана LRT» мамандарының болжамынша, ең қауырт күні көрмеге жеке көлігімен 41 300 адам келеді, оның 27 500-і бір мезетте келеді. Демек, бұл күні қажетті тұрақ орнының саны - 11 071.

Ал сауда орталықтарындағы тұрақты қоса алғанда, көрме аумағында жеке көлікке арналған 6 мың тұрақ орны қарастырылған. Толығырақ айтсақ, 4300 тұрақ - ЭКСПО аумағында, ал 1700 тұрақ - сауда орындарында. «Нәтижесінде қауырт күндері тұрақ орны тапшылығы - 5 071, демалыс күндері 791 болады» дейді «Астана LRT» өкілдері.

ЭКСПО аумағында қалааралық автобустарға 147 тұрақ орны, 200 тұрақ орны бар VIP-тұрақ (конгресс-кешен астында), 180 тұрақ орны есептелген таксиге арналған тұрақтар, өрт сөндіру, жедел жәрдем, құқық қорғау органдары қызметтеріне арналған 390 тұрақ орны, БАҚ автокөлігіне арналған 130 тұрақ орны қарастырылған.

Тұрақ кеңістігі қажеттілігін қамтамасыз ету аясында (қауырт күні 5 мың тұрақ орны же­тіс­пейтін болады) ­шаттл бастарды ұйымдастыру ар­қылы іліп әкету тұрақтарын қолдану қарастырылуда.

ЭКСПО кешеніне жақынырақ аумақта мына жерлерде тұрақтар бар: Орынбор көшесінің бойында - 1377 тұрақ орны (2,5 шақырым қашықтықта орналасқан), Тұран даңғылы бойында - 745 тұрақ орны (2,7 шақырым қашықтықта орналасқан), «Астана Арена» - 1600 тұрақ орны (2 шақырым қашықтықта орналасқан), «Барыс Арена» - 700 тұрақ орны (2,7 шақырым қашықтықта орналасқан), 31-көше/Мәңгілік ел көшесі - 2400 тұрақ орны, «Қазақстан» СК - 1200 тұрақ орны (8 шақырым қашықтықта орналасқан). Барлығы 8022 тұрақ орны бар. ЭКСПО аумағындағы тұрақтарды қоса алғанда, 14022 тұрақ орны болады. Бұл қауырт күні қажет тұрақ санын толықтай қамтамасыз етеді.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасына сәйкес, көрмеге келушілер қатары көбейген жағдайда, қала аумағында 3000 қосымша тұрақ орындарын ұйымдастыру мәселесі қарастырылды. Атап айтсақ, Оқушылар сара­йында - 400, Бейбітшілік және келісім сарайында - 300, Қалалық паркте - 350, Астаналық циркте - 350, «Думан» ойын-сауық орталығында - 450, «Music Hall» ресторанында - 300, «Хан Шатыр» сауда орталығында - 1100 және «Алатау» спорт кешенінде 100 тұрақ орны пайдалануға беріледі. «Барлығы ­3350 ­тұрақ орны болады» дейді компания қызметкерлері. Осылайша, қала аумағында 11 372 тұрақ орны болады.

«Жалпы алғанда, талдау жұмыстары ұсынылған шешімдер қауырт күндері де, қосымша жүктеме түсетін күндері де тұрақ орны қажеттілігін өтейтінін көрсетті» деп қорытынды жасады «Астана LRT» өкілдері.

Соңғы жаңалықтар
telegram