ЭКСПО-2017 көрмесінде Монако табиғатты қорғау саласындағы инновацияларымен бөліседі
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильонын таныстыру кезінде Монако Князьдігінің ұлттық секциясы комиссарының орынбасары Александр Бокийон Монако - қоршаған ортаны құрметтейтін инновациялар елі екенін атап өтті. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлайды.
Монако Князьдігі елдегі жобаларды іске асыруда экологиялық хабардарлық және экологиялық тәртіп тұрғысынан интеллектуалды тәсілдемеге баса назар аударады. Бұл шешімдер бүгінде жаңа болып табылады. Павильон тақырыбы - «Болашақ бейнесі» де осыдан шыққан.
«Біздің мақсатымыз «жасыл» экономикаға көшудің барлық проблемаларын түсіндіру, сондай-ақ князьдікте қолданылып жатқан үздік практикаларды көрсету болып табылады», - деп баса айтты А. Бокийон.
Павильон меймандарды теңіз толқыны секілді қозғалатын интерактивті қабырғасымен, виртуалды шынайылық көзілдірігімен, 3D-картографиямен және де келушілерге павильонның теңіз тақырыбын тереңірек сезінуге көмектесетін арнайы хош иіспен таңғалдырады.
Бірегей экспозициялардың бірі - күн энергиясымен жұмыс жасайтын велосипед макеті. Аталған экспозицияның серіктесі мен демеушісі Олимпиада чемпионы Александр Винокуров болып табылады.