ЭКСПО-2017 көрмесіне 11 мыңға жуық жамбылдық қатысты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстанның аймақтарындағы тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Жамбыл облысында көрмеге сатылған билеттер саны алдын ала күтілгендегіден әлдеқайда көп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЭКСПО-2017 көрмесіне 11 мыңға жуық жамбылдық қатысты

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуовтың айтуынша, бүгінгі таңда көрмеге облыс бойынша 77 мың 330 билет сатып алынған.

«Олардың 11 мың 335-і Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедек жандардың жеңілдікпен алынған билеттері. 6 мың 222 көпбалалы және аз қамтылған отбасының балаларына бюджеттен 241,9 млн теңге бөлінген. Олар көрмеге тегін барып қайтады. Бүгінгі таңда ЭКСПО көрмесіне облыстың 10,7 мың тұрғыны барып қайтты»,-деді ол.

Облыс тұрғындарын Астанаға жөнелту үшін қосымша көлік құралдары да бөлінген.

Өңір халқының ЭКСПО көрмесіне деген қызығушылығын назарға ала отырып, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлесе отырып, 1 маусымнан бастап, «Тараз-Астана-Тараз» бағыты бойынша қосымша теміржол жолаушылар құрамы іске қосылды. Ол көрме өтіп жатқан уақытта тұрақты қызмет етеді. Тараздан Астанаға ұшатын рейстер саны аптасына 10 ретке дейін ұлғайтылды. Осы уақытта «СКАТ» аваикомпаниясы 180 орынмен 7 рейс жасайтын болса, «Аir Astana» 97 орынмен 3 рейс жасайды. Қосымша тағы 38 өте ыңғайлы автобустар жұмысы жолға қойылған. Олар қаларалық тасымалды жүзеге асырады. Тұрғындарды қабылдау үшін Астана қаласындағы аппартаменттер, қонақүйлер мен хостелдермен көптеген келісімдер жасалды»,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, ЭКСПО көрмесінің сәтті өтуіне үлес қосу мақсатында облыста 150 ерікті жұмысқа дайындалған. Олардың 40-ы ағылшын курстарынан өткен.

Ал көрмені насиахаттау мақсатында Тараз қаласында және аудандарда ЭКСПО логотипі мен билбордтар орнатылған.