«Экспо - 2017» - күн тәртібіндегі басты мәселе
Осыған байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру мәселелері жөнінде кеңес өтті. Кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Прези-денттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы В.Жұмақанов, Бас прокурор Ж.Асанов, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы А.Күреңбеков, Қорғаныс министрі С.Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғ.Байжанов, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Ұлттық қауіп¬сіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіш қатысты.
Маңызды іс-шарада «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін өткізудің жалпы тәртібі және оны өткізу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Елбасы алдағы іс-шараны дайындау және оны сапалы өткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
«Біз шешуші сәтке - көрменің ашылуына таяп қалдық. Қазақстанның астанасына келетін қонақтар саны көп болады. Бүгінде «ЭКСПО - 2017» көрмесіне 1,2 миллион билет сатылған екен. Бұл біз күткендегіден әлдеқайда көп», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев әлемдегі жағдайдың тұрақсыз екенін ескере отырып, көрмені өткізу кезінде қонақтар мен ел азаматтарының қауіпсіздігін Астанада ғана емес, барлық өңірімізде де жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Президент әр саланың басшысына жеке жауапкершілік жүктелетінін қадап айтып, кеңес қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жалпы соңғы аптада «ЭКСПО - 2017» көрмесін өткізу күн тәртібіндегі басты мәсе¬леге айналып, оған дайындық жан-жақты пысық¬талды. Нақты айтсақ, Елбасы 1 маусымда көрме кешенін аралап көріп, халықаралық көрменің басты нысаны болып табылатын «Нұр Әлем» павильонында болды. Бұл - диаметрі 80 метр шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат. Аталған нысанда «Болашақтың энергиясы» музейі орналасады, онда Қазақстанмен танысу аймағы болады, сондай-ақ энергияның негізгі түрлері ұсынылады.
Қазақстан Президентіне «Болашақ Астана - Қазақстанның 2050 жылғы елордасы» экспозициясы, ғарыш энергиясы залы, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды қамтитын «Жасампаз энергия» аймағы, сондай-ақ Қазақстанның «Токамак» материалтану термоядролық реакторының моделі, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Мемлекет басшысының бастамалары көрсетілген медиақабырға таныстырылды.
Сонымен қатар Н.Назарбаев көрме кешенінің Конгресс-орталығында болып, «Шаңырақ», «Аспан» залдарын, VIP-террасаны, Концерт залын көрді. Конгресс-орталық көпфункционалды мәдени әрі ойын-сауық орталығы болып саналады. Онда 2192 орынға арналған көрермендер залы және 4 конференц-зал бар. Қазақстан Президентіне көрменің ашылу рәсімі қалай өтетіні көрсетілді.
Ал 3 маусымда Елбасы Н.Назарбаев Астанадағы бес жұлдызды алғашқы халықаралық премиум-класты «Ритц-Карлтон» қонақүйінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл қонақүй Астананың сол жағалауында бой көтерген, жалпы көлемі 120 мың шаршы метр болатын «Talan Towers» көпбейінді кешенінің ғимаратында орналасқан. Онда «Talan Towers Offices», «Ритц-Карлтон» қонақ үйі, SPA орталығы, бизнес орталығы және «Emporium» сауда галереясы орналасқан.
Қазақстан Президенті астаналықтарды, инвесторларды және құрылысқа қатысқан барлық азаматтарды қонақүйдің ашылуымен құттықтады.
Іс-шара кезінде Елбасы жаңа нысанның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, ақ батасын берді.