ЭКСПО аумағындағы пәтерлер: Кімдер сатып ала алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО аумағындағы үйлерді кімдер сатып алып жатыр? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Әу баста ЭКСПО аумағындағы тұрғын үйлерді сатудың екі механизмін ғана қарастырған едік. Яғни, тікелей сату және екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекамен сату тетіктерін енгізген болатынбыз. Бірақ, сатылым жүргізілген 7 айдың ішінде айтарлықтай көп сұраныс түсе қойған жоқ. 7 айда барлығы 148 пәтер ғана сатылды. Бұрын да айтқанымыздай, ұлттық қорға ақшаны қайтару керек болғандықтан, жаңа сатып алушыларды тарту үшін біз осы жаңа механизмді іске қосып отырмыз. Осылайша, көбірек клиентті тартқымыз келеді», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев.

Компания өкіліне сонымен бірге аталмыш үйлерді кімдер сатып алуы мүмкін екені туралы сұрақ қойылды.

«Біздің ойымызша, ЭКСПО аумағындағы үйлерді сатып алуға ең біріншіден жалақысы орташа айлықтан жоғары азаматтар сатып алады. Демек, біздің ойымызша, олар - ірі жетекшілер, бизнес өкілдері, квазимемлекеттік сектордың өкілдері болуы мүмкін. Менің субъективті пікірім бойынша, сатып алып жатқандар астаналықтар деп ойламаймын. Аймақтағы бизнес өкілдері мен элиталар осы пәтерлерге қызығушылық танытуда. Себебі, пәтерлердің орналасқан жерінің өзі, инфрақұрылымы жақсы. Мәселен, тұрғын үйлердің жанында Назарбаев Университеті, Мега Силк Уей, Хилтон қонақ үйі тұр. Президенттің ЭКСПО аумағында жақында Астана Хабты ашқанын білесіздер. Бұның бәрін ескерсек, біздің ойымызша, сатып алуға ниет білдіргендер көп болады», - деді Асқарбек Өсербаев.

Айта кетсек, «Бәйтерек девелопмент» АҚ өкілдері баян еткендей, ЭКСПО аумағында 42 көпқабатты үйден тұратын 6 тұрғын үй кварталы салынған болатын. 6-8 қабатты үйлердің жалпы аумағы 180 мың шаршы метрді құраған еді. Яғни, жалпы 374 пәтер салынып, қазірге дейін олардың 148-і сатылып кеткен.

Еске сала кетсек, бұған дейін КСПО-2017 аумағында орналасқан тұрғын үйлерді сату қайта басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде салынған үйлердің бағасын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар