ЭКСПО-дағы ең ірі шетелдік павильон Германияға тиесілі
Павильонның кіреберісінде Германияның 16 федералды жерлерінің (Laender) презентациясы ұсынылады. Осылайша, келушілер павильонға кірмей тұрып, Германия туралы негізгі деректермен таныса алады және «Германияда жасалған» атты арнайы энергетикалық саясаты туралы біле алады. Сондай-ақ, павильонға кірген әрбір келушіге smartstick құралы беріледі. Бұл құрал жеке экспонаттарды іске қосуға, қозғалтуға және олармен қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, қонақтар қайта қалпына келетін энергия көздері, қуат алу тәсілдері, болашақ қалаларға болжам туралы құнды деректерге қанығып, smartstick құралдары арқылы «smartpoint» түріндегі энергияны жинақтайды. Көрме соңында қонақтар үлкен дөңгелек үстелі бар кеңістікке өтеді. Олар үстел үстіне smartstick құралдарын қойғанда, smartpoint арқылы жиналған энергия ортаға біріктіріліп, ерекше лазерлік шоу пайда болады. Яғни, павильонға келушілер өз қозғалыстары арқылы жиналған энергияның қоршаған әлемді қалай өзгертетінін көре алады. Ортақ күш салу арқылы энергетикаға байланысты жаһандық мәселелерді шешуге болатынын бағамдайды.
«Германия мен Қазақстан маңызды экономикалық әріптестер болып табылады. Біздің Орталық Азиядағы сауда-саттығымыздың 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Өткен айдың соңғы цифрларына сәйкес, екі ел арасындағы импорт пен экспорт көлемі 40 пайызға артқан. Аталған көрмеге қатысу арқылы Германия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың жаңа қарқында дамуына үміттенемін», - деді Германияның Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэль бүгін Экспо медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, елші Қазақстанда өткен ғасырда көптеген немістердің өмір сүргенін, олардың біразының Германияға оралғанын ерекше атап өтті. «Қазіргі уақытта 180 мың неміс Қазақстанда өмір сүріп жатыр, яғни Қазақстан халқының бір пайызын этникалық немістер құрайды. Мұның бәрі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа ерекше жылулық сыйлайды. Жыл сайын шамамен 50 мың адам Германиядан Қазақстанға қонаққа барып тұрады және бұл көрсеткіштің биыл едәуір ұлғаярына сенімдімін», - деді ол.
Айта кетейік, шетелдік ЭКСПО қатысушылары арасында ең ірі павильон Германияға тиесілі. Павильон аумағы 1700 шаршы метрді алып жатыр, онда көрме аймақтары, VIP-аймақтар, неміс халқының ұлттық тағамдары мен сусындарын ұсынатын мейрамханалар, Германия туралы кәдесыйлар мен базарлықтар сатылатын дүкендер және кеңселік (қызметтік) бөлмелер болады. Сонымен бірге, павильонда 80 адам жұмыс істейтін болады. Қызметкерлердің 75% қазақстандықтар болса, қалған 25% Германиядан келеді.
12 шілде күні ЭКСПО аумағында Германияның ұлтық күні аталып өтеді.