ЭКСПО-ға орай Ұлттық ұлан әскерлері ағылшын тілін үйренеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО көрмесі кезінде әскери қызметкерлер қызмет бабында мәдениет пен әдеп сақтап, ағылшын тілінде сөйлеуі керек, деді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов.

ЭКСПО-ға орай Ұлттық ұлан әскерлері ағылшын тілін үйренеді

«ЭКСПО  көрмесіне елордадағы бригадамыздың ұландарын дайындап жатырмыз. Қазір әскери қызметкерлер ағылшын тілінің бастапқы деңгейін үйреніп жүр. Яғни, шетелдік қонақ біздің әскерлерден көшенің атауын, болмаса, белгілі бір орынның мекен-жайын сұраса, олар жауап бере алуы керек»,-деді Сатов журналистердің сұрағына жауап бере келе.

Оның айтуынша, жедел мақсаттағы бригада 2014 жылы құрылған. Қазір бұл бригадада 2500 адам жұмыс істеп жүр. Олардың арасында офицерлер, келісімшартпен қызмет етіп жүрген әскерилер мен мерзімді әскерлер бар көрінеді.

«Экспо көрмесі кезінде елорданың қоғамдық қауіпсіздігін қадағалау үшін күн сайын 1,5 мың әскериді жұмылдырамыз. Қазір Ұлттық ұлан әскерлерінің киім формасы жаңарған және де бұл қызметке келем деушілерді де  қатал тәртіп бойынша іріктейтін болғанмыз. Біздің талабымызға сай, бойы 170 см кем емес, дене жаттығуы тамаша, жақын туған-туысы қамауда отырмаған жігіттер Ұлттық гвардия қатарына қосыла алады. Оның үстіне, елордадағы бригадамыз үшін жоғары білімді немесе орта білімді, мінездемесі жақсы адамдарды қабылдай аламыз. Келісімшартпен жұмыс істеймін деген офицер әскери инситутты тәмамдаса, базалық әскери білімі бар болса, жеткілікті. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскерлер үшін басты талап - Қарулы күштер қатарында борышын өтеп келуі»,- деп түсіндірді М.Сатов.