«ЭКСПО-Керуен» Берлинге аялдады
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Берлинде «ЭКСПО-Керуен» интерактивті мобильді павильонының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Германия астанасындағы роуд-шоуды «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қазақстанның Германиядағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Салтанатты рәсімге ГФР СІМ, Экономика және энергетика федеральды министрлігі өкілдері, ЭКСПО-2017 германиялық секциясы, Казақстан-Германия қоғамы, ГФР-дегі Қазақстан студенттері және басқалар қатысты.
Германиядағы Қазақстан елшісі Болат Нүсіпов неміс аудиториясын ҚР-дағы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен таныстырды. Сондай-ақ екі елдің Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық аясындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті.
Немістер тарапы өз кезегінде Қазақстанның Германия үшін аймақтағы саяси және сауда-экономикалық стратегиялық әріптес ретінде маңызды ел екендігін атап өтті.
«Астанада алда болатын «Болашақ энергиясы» көрмесі неміс кәсіпкерлері тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр»,- деді Германия экономикасы шығыс комитетінің өңірлік директоры Эдуард Кинсбрунер.
Сондай-ақ ол ГФР-дің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде ірі павильонмен және аса ауқымды бағдарламамен қатысатындығын атап өтті. Мұның екіжақты сауда-экономикалық байланысқа қосымша серпін беретіндігін жеткізді.
«Барша адамзат үшін маңызды және өзекті тақырып екендігін ескере келе, алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы Қазақстан XXI ғасырдағы басты проблемалардың бірінің шешімін табуына өз үлесін қосады»,-деп атап өтті герман Бундестагының туризм комитетінің жетекшісі Юрген Климке.
Атап өткен жөн, «ЭКСПО-Керуен» неміс жұртшылығының үлкен қызығушылығын туғызды. Ресми қонақтардан басқа интерактивті стендті көруге Берлин тұрғындары мен қонақтары немістің іскер топтарының және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, жергілікті БАҚ журналистері келді.
Интерактивті павильон неміс астанасының орталығында, Федеральды канцлер және Рейхстаг ғимаратына жақын жердегі Washington-Platz алаңына орналасады.
Айта кетер жайт, ЭКСПО-2017-ге баруға ниет еткен жандарға онлайн-режімде көрмеге билет алуға мүмкіндік жасалды.
«ЭКСПО-Керуен» қазірдің өзінде оншақты еуропалық қалаларда болды. Ал Берлинде жылжымалы павильон бейсенбіге дейін жұмыс істейді. Одан әрі Варшава, Вильнюске бағыт алады. Еуропадағы соңғы аялдайтын қала - фин астанасы Хельсинки болмақ.