ЭКСПО: Қоғамдық тамақтану орындары 10 мың шаршы метр аумаққа орналасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі аумағында 10 мың шаршы метр жерге тамақтану орындары орналасатын болады.

ЭКСПО: Қоғамдық тамақтану орындары 10 мың шаршы метр аумаққа орналасады

Көрме кезінде қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыратын жалға алушы кәсіпорындарды іріктеу үшін байқау ұйымдастырылды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев байқаудың аралық нәтижесі туралы айтып берді.

«Қызмет көрсету, яғни сервис қатысушы мемлекеттердің бірінші тұлғалары мен делегацияларының сонымен қатар, қала қонақтары мен тұрғындардың көңілінен шығуы керек. Бүгінгі күні 15-ке жуық мемлекет өздерінің ұлттық асханаларын көрсету үшін тамақтану орындарын ұйымдастырғысы келетінін айтты. Бұл Италия, Германия, Польша және т.б мемлекеттер», - деді Д.Еркімбаев. 

Жалпы, көрме кезінде тамақтандыруды ұйымдастыруға 10 мың шаршы метр аумақ бөлініп отыр. Бұл жерлерге 40-тан астам тамақтану орындары ұйымдастырылады. Коммерциялық павильондардың бірінші қабаттарында мейрамхана, кофехана, барлар орналасады. Екінші қабаттарда сауда орталықтарындағы секілді фаст-фуд болады. Тамақтандыру орындарын ұйымдастыру кезінде халықтың әлеуметтік топтары мен табыс деңгейі ескерілетін болады.

«2016 жылдың соңынан байқауды жарнамалау басталды. Атап өту керек, бизнес белсенді қатысып жатыр. Бүгінгі таңда жалдаушылардың 71% анықталды. Жалдаушыларды таңдап алған кезде, ең алдымен, қызмет көрсету сапасына, нарықтық тәжірибесі мен қолжетімді баға саясатына назар аударылады. Кәсіпкерлік секторды байқауға белсенді қатысуға шақырамыз. Себебі бұл отандық өндірушілерімізге өздерін көрсетуге арналған таптырмас мүмкіндік», - деді «Астана ЭКСПО-2017»  ҰК коммерцияландыру департаментінің  директоры.

Айта кетейік, қазіргі таңда 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым өздерінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындарын растады.