ЭКСПО: «Қорғастың» өнеркәсіптік және көліктік әлеуеті таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңында Қазақстан мен Қытайдың «Қорғас» халықаралық шекаралас ынтымақтастығы орталығы» жобасының сегізінші бірлескен тұсаукесері өтті. Бұл жайында «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, «Қорғас» Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың және тату көршіліктің тарихи куәгері болып саналады. Сонымен қатар ол «Қорғас ХШЫО» болашағы шекаралық серіктестік аясын кеңейте түсуден, сауда-экономикалық байланыстарды дамытудан көрінетіндігін атап өтті.
«Қазіргі таңда Қорғас көпсалалы хаб ретінде танымал. Оның құрамында теміржол, автожол өткелдері, әуе тасымалы, газ құбыры, туристік саяхат мүмкіндіктері қарастырылған. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрылысымен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы бірлескен түрде жүзеге асырылуда»,-дейді Қорғас қаласының мэрі Мурал Әбілмәжин.
Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар «Қорғас ХШЫО-ның» өнеркәсіптік және көліктік әлеуетімен танысты. Дәстүрге айналған Қазақстан-Қытай тұсаукесер рәсімі бірқатар тұрақты инвесторлар мен кәсіпкерлердің назарын аударды.