Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЭКСПО: Малайзиялықтар ұсынған өзін-өзі тазалайтын дәретхана жұрттың назарын аударды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесінде өткен Малайзия делегациясының «жасыл технологиялар» апталығы келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Ол жерде малайзиялық компаниялар қонақтарды жаңа өнертабыстарымен таныстырды. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетейік.

ЭКСПО: Малайзиялықтар ұсынған өзін-өзі тазалайтын дәретхана жұрттың назарын аударды

Мысалы, өзін-өзі тазалайтын модульдық дәретханалар жұрттың ерекше назарын аударды. Атап айтарлығы, бұл дәретханаларда лас суларды қайта өңдейтін бірегей жабдық орнатылған. Күнделікті адамның ағзасынан шығатын қатты қалдықтарды әлгі жабдық тыңайтқышқа айналдырады. Таң қаларлық жайттың бірі, сол тыңайтқышты ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге пайдалануға болады. Ал, тазартылған сумен қайта қолды жууға немесе дәретхананың суын ағызуға болады.

Айта кетелік, дәретханаларға малайзиялық «Nanopac» компаниясы шығарған күн панельдері орнатылған. Осы панельдер дәертханадағы жабдықтың жұмысына қажетті электр қуатын өндіреді. Дәретханалық кешеннің толық құны - 60 мың АҚШ долларын құрайды.

«Бұл технологияда сүзгіштерді пайдаланбаймыз, арнайы реактор қолданылады. Билл Гейтс қоры бізден осындай 6 дәретхананы сатып алып, Үндістанға қайырымдылық көмек ретінде жіберді. Қазір біз осы қордың тапсырысы бойынша тағы да 30 дәретхана шығаруды бастадық. Аталған ұйым оны Африкаға жөнелтеді. Сондай-ақ, мұндай дәретханалар әуе кемелеріне, пойыздарға орнатуға өте қолайлы»,-деп түсіндірді жаңа технологияның қыр-сырын «Nanopac» компаниясының директоры, доктор Ченг Кок Ленг.

Аталған компания жасап шығарған жаңа технологияның бірі - жаңа күн батареялары. Бір артықшылығы, энергия өндіретін бұл батареяларды терезенің орнына пайдалануға болады. Оның дәстүрлі күн батареяларынан (кремний қолданылады) айырмашылығы - титан диоксиді қолданылады. Күн батареялары үш милиметрлік екі қабат шыныдан тұрады. Олардың арасына титан диоксиді салынған.

«Бұл модульдердің бір ерекшелігі - оның жұмыс істеуі үшін Күн сәулелерінің болуы міндетті емес. Мысалы, күндізгі жарықтың өзі жетіп жатыр. Ол батареялар жарықты бөлменің сыртынан да, ішінен де ұстай алады. Кәдімгі шыны сияқты, бұл күн панельдері температураны Цельсий бойынша 100 градусқа дейін ұстап тұра алады. Қызмет ету мерзімі - 25 жыл»,- деп түсіндірді доктор Ченг Кок Ленг.

Оның айтуынша, Астанадағы шыны ғимараттарға кәдімгі шынының орнына күн панельдерін орнататын болса, ғимараттар көп энергия өндіре алады. «Бұған қоса, әдетте шыны ғимараттарды жууға қыруар қаражат жұмсаймыз. Ал, біздің күн панельдерімізді қолданғандар жуу дегенді мүлдем ұмытады. Себебі, модуль-терезенің далаға шығатын жағы арнайы наноматериалмен өңделген. Соның нәтижесінде шыны ешқандай да кірлемейді, оны жуудың керегі жоқ»,- деді «Nanopac» компаниясының директоры. 

Доктор Ченг Кок Ленгтың айтуынша, бүгінгі таңда бұл панельдердің құны кәдімгі күн батареяларынан 10-15 пайызға қымбат. Соған қарамастан, Малайзиядағы екі қабатты 300 үйге, Қытай мен Тайландтағы бірқатар нысандарға орнатылған. «Көлемі 1,5*1,5 метрді құрайтын бір модуль-терезенің құны Малайзияда 180 АҚШ долларын құрайды. Малайзиядағы отбасылар осы панельдің көмегімен электр қуатына деген қажеттілігін қанағаттандырып отыр. Үнемделіп қалған электр қуатын олар қайтадан мемлекетке сатады. Айтарлығы, мемлекет халықтан электр қуатын өзі сатқан бағадан жоғары бағаға сатып алады»,- деп атап өтті Ченг Кок Ленг.