ЭКСПО: Сақшылар қауіпсіздік шараларының беймәлім тұстарын ашып берді

  АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО көрмесінде екі мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұдан бөлек, ұрыларды бірден анықтайтын жүйе бар. Ал тәртіп сақшылары үш ауысыммен жұмыс істейді. Соның арқасында осы уақытқа дейін бірде-бір қылмыстық жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен, бұзақылық әрекеттері жоқ емес. Суық қарумен келетіндер де болады екен. Сосын кейбір азаматтардың қылықтары адамның езуіне еріксіз күлкі үйіреді. ҚазАқпарат тілшісі тәртіп сақшыларымен бірге патрульге шығып, қауіпсіздік шараларының беймәлім тұстарын біліп қайтты.

ЭКСПО: Сақшылар қауіпсіздік шараларының беймәлім тұстарын ашып берді

Бүгінде ЭКСПО көрмесіне төрт жерден кіруге болады. Төртеуі де компастың бағыттары сияқты төрт жаққа бөлінген. Бұдан бөлек, қызметтік және VIP кіреберістер бар. Алайда кіретін барлық бағытта тексеріс жағынан ешқандай өзгешелік жоқ. Бір айырмашылығы - ресми тұлғалар өтетін VIP кіреберісте адам кезегі көп болмайды. Дегенмен, қарапайым адамдар өтетін кіреберістерде де кезек аз. Себебі әрбір кіреберісте адамдар алты жолақпен өтеді.

null  

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары жұмысқа әбден төселіп қалды. Олардың арасында «Police» деген күртешесі бар жас жігіттерді жиі байқаймыз. Сөйтсек, олар әлі полицей емес. «Әлі полицей емес» болғанда, білім алып жүрген мамандар. Барлығы - ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы академиясының курсанттары. Ол мамандар тілді де біледі. Мәдениеті де жоғары екені бірден байқалады.

null  

Кіреберісте орнатылған техникалық құрал-жабдықтарды да ерекше атап өткен жөн. «VOCORD» деп аталатын бейнебақылау жүйесі әрбір жолақта орнатылған. Оның басты ерекшелігі сол, кірген адамдарды алдынан түсіріп, бет-бейнесін бірден анықтайды да, қылмыскерлер базасымен салыстырады. Адам нақты бір қылмыскерге ұқсаса, бірден автоматты түрде сигнал береді. «ЭКСПО-2017» бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы басшысының орынбасары Эрик Сәдуақасовтың айтуынша, Астана ЭКСПО сияқты адам көп жүретін жерлерге қалта ұрылары қатты қызығады. Бас кезінде көрме аймағына емін-еркін кіріп, ойымдағыны істеймін дегендер де болды. Алайда турникеттен өтпей жатып, полицейлердің күдікті адамдарды бірден алып кетіп отырғанын көргенде қауіпсіздіктің қаншалықты қатты екенін түсінді. «Енді, біз ондай адамдарды қамай алмаймыз. Көрмеге кіргізбеуге де қақымыз жоқ. Алдымен жеке-дара кездесеміз де, көрмеге не үшін келгенін сұраймыз, аз-кем сөйлесеміз де, жібере саламыз. Алайда ол адам үнемі бақылауда болады. Біз оның қайда және не істеп жүргенін көріп отырамыз. Себебі көрме аймағында екі мыңнан астам бейнекамера бар», - дейді Сәдуақасов.

null  

Қауіпсіздікке жауап беретін тағы бір наряд ол - периметр бойымен кезекшілік атқаратын сақшылар. Олар кіреберіс бекеттерінің арасында биік дуалдың бойымен қызмет атқарады. Негізгі міндет - көрме аймағына заңсыз өтіп кету, қауіпті заттарды лақтыру сияқты әрекеттерге жол бермеу.
null
Осы уақытқа дейін қауіпті заттарды лақтыру әрекеттері болған жоқ. Алайда заңсыз өтіп кету оқиғалары болды. Жақында екі жас бала көрмеге билетпен кірген екен. Түске таман қарындары ашып, «Мега Жібек жолы» сауда орталығына барды. Ал көрме аймағынан шығып кеткеннен кейін қайтып кіруге рұқсат жоқ. Содан екі дос ақшаны үнемдеген болу керек, дуалдың астымен көрме аймағына кіріп кеткен. Дегенмен, бірден қолға түсті. Оларға қатысты ешқандай шара қолданылмады. Тәртіп сақшылары жас балалардың әрекетіне түсіністікпен қарап, кішігірім түсіндіру жұмыстарын өткізгеннен кейін жібере салған.

null  

Көрме аймағына қауіпті заттарды лақтыру әрекеттері болмаса да, сөмкені, я болмаса, қобдишаны ұмытып кету сияқты жағдайлар жиі болады. Кей кезде құрылысшалар өз заттарын қалдырып кетеді және тағысын тағы. «Ондайда біз халықтың үрейін туғызбай, тыныш қана саперлер және тағы басқа мамандарды шақыртып, күдікті заттардың не екенін анықтаймыз», - дейді сақшылардың бастығы Сәдуақасов. «Сонда қалай? Жарылғыш затқа қатысты арнайы операцияны ешкім байқамай ма?» деген сұраққа полиция подполковнигі: «Әлбетте, ондай жерлер қоршауға алынды. Дегенмен, біз өткен-кеткен адамдарға еш алаңдамай, қоршауды айналып өте беруге өтініш жасаймыз. Сосын қысқа уақыттың ішінде күдікті заттың қаншалықты қауіпті екенін анықтауға тырысамыз», - деп жауап берді. Оның айтуынша, көрмеге келетін адамдардың сөмкелерінде пышақ сияқты суық қарулар да табылып жатады. Дегенмен, көбісі оны тамақ ішкенге қолдану үшін алып келеді екен. Айтпақшы, ЭКСПО көрмесіне өзімен бірге тамақ пен сусынды алып кіруге болады. Ең бастысы, ондай өнімдер темір және шыны құтыға салынбауы шарт.

null  

ЭКСПО-да электромобильмен жүретін нарядтар мен кинологтар да жұмыс істейді.

null

«Иттердің көмегіне әлі жүгінген жоқпыз. Тфәй-тфәй-тфәй! Сосын жоғалған заттарды қайтару жағы да жақсы болып тұр. Мәселен, жақында қытайлық бір турист қымбат зергерлік бұйымдарды жоғалтып алды. Оны тауып бердік. Бұдан бөлек, көрме қалашығында белгісіз біреудің ұялы телефоны табылған болатын. Басында кімдікі екенін анықтай алмадық. Жазуларына қарап, шетелдікке тиесілі екенін білдік. Алайда иесін біраз іздеуге тура келді. Ақыры учаскелік инспекторлар және тағы басқа сақшылардың көмегімен таптық. Оны жоғалтқан Малайзия азаматы екен. Ұялы телефонын апарып берсек, таңқалып қарап тұр», - дейді Эрик Сәдуақасов.

null  

Жалпы, құқық қорғаушылар ЭКСПО сияқты шараларда қауіпсіздік шараларын атқару бойынша тәжірибенің бар екенін айтып отыр. Себебі осы уақытқа дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті сияқты үлкен шаралар өткен болатын. Жаңа ақпараттық технологиялар да таңсық емес. Дегенмен, ЭКСПО көрмесінің жөні бөлек. Өйткені бұл шара үш айға созылады.  

null      null