Экспортқа бағытталған өнім шығаратын кәсіпорындарға мемлекет қолдау көрсетеді - БҚО

ОРАЛ. 26 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Экспортқа бағытталған өнім шығаратын кәсіпорындарға мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл туралы өңір кәсіпкерлеріне «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ өкілдері мәлім етті.

Экспортқа бағытталған өнім шығаратын кәсіпорындарға мемлекет қолдау көрсетеді - БҚО

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен жұмыс жасайтын аталмыш агенттік қазіргі таңда «Экспорт-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Тимуржан Бекмұхамбетовтің атап өткеніндей, мемлекет қазіргі кезде экспортерлердің 50 пайыз шығынын көтеріп отыр. Мұндай көмек-қолдау ТМД-ның өзге елдерінде жоқ. Осы мүмкіндікті кәсіпорындар пайдалана білуі керек.

Соңғы екі жылда «KAZNEX INVEST» агенттігінің тікелей қатысуымен 340 млн. АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалған. Аталмыш АҚ экспортты алға жылжыту департаментінің директоры Асқар Арыновтың айтуынша, экспорттық қызметті жүзеге асыруда көптеген кәсіпорындар қиындыққа кезігеді. «Сондықтан компаниялар өкілдерін халықаралық сауда жүргізу үшін мемлекет есебінен оқытамыз. Оның үстіне осы кәсіпорындарды арнайы көрмелер мен сауда жәрмеңкелеріне шақырамыз. Тауарларының шетке өтіп, өкілдіктер ашуына, тауарлық белгілерінің тіркеліп, өнімді сертификаттауына көмектесеміз. Қысқасы, қызметтік те, қаржылай да қолдау көрсетеміз. Биыл экспорттық грантты үш есе көбейтіп, экспортты мемлекеттік қолдау көлемін 300 млн. АҚШ долларына жеткізуді көздеп отырмыз», деді ол.