Экспорттаушыларға 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды – Тәкиев
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 11 айда әлеуметтік қолдауға 8,3 трлн теңге бағытталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
- Салықтық және кедендік әкімшілендіру сапасын арттыру есебінен бюджетке 660 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді. Экспорттаушыларға 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл шаралар бюджеттің кіріс базасын күшейтіп, бизнестің төлем қабілеттілігіне қолдау болды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 95, оның ішінде республикалық бюджет 96, жергілікті бюджет 95 пайыз атқарылды, - деді министр.
Оның дерегінше,негізгі басымдықтар сақтала отырып, бюджеттің шығыстары келесі салаларға бағытталды:
– әлеуметтік қолдауға 8,3 трлн теңге;
– өңірлерді қолдауға – 6,9 трлн теңге;
– нақты секторға – 1,8 трлн теңге .
- Жалпы алғанда «Жайлы мектеп», «Ауыл – ел бесігі», су және жылумен жабдықтау, газ және көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысы сияқты негізгі бағыттар бойынша 870 жоба іске асырылып жатыр. Кірістердің ағымдағы серпіні мен шығыстарды басқарудағы тұрақты саяси қадам, тапшылықты бекітілген ковенанттар шегінде бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, - деді Мәди Тәкиев.
Бұған дейін 11 айда мемлекеттік бюджет кірісі 21,9 трлн теңгеге жеткенін жазған едік.