ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында сатып алудың электронды платформасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсенің отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында сатып алудың электронды платформасы іске қосылды
Фото: Үкімет

Қараша айынан бастап meks.zakup.sk.kz электронды сатып алу платформасы іске қосылды. Бұл жүйеде Ұлттық жобаға қатысушы барлық коммуналдық кәсіпорындар тіркелген.

— Қазір 26 кәсіпорын шамамен жарты триллион теңге болатын 174 жоба бойынша өтінім берді. 2026 жылға арналған тауарларға деген қажеттілік айқындалып, 680 әлеуетті ЕРС-мердігер мен 172 отандық өндіруші анықталды. Олар Ұлттық жобаны жүзеге асыруға қажетті өнім жеткізуге дайын, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ отырыста аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қолдау шаралары қаралды. Биыл 9,6 мың отбасы коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін өтеу түрінде көмек алған.

Қанат Бозымбаев жауапты мемлекеттік органдарға көмекті тағайындау рәсімін жеңілдетіп, қолданыстағы қолдау шаралары туралы халықты кеңінен ақпараттандыруды тапсырды.

Бұдан бұрын Бозымбаев энергетика саласындағы сатып алу платформасын 1 қарашаға дейін енгізуді тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар