Эквадорда жүргізушілер ереуілінен кейін бірнеше провинцияда төтенше жағдай енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Эквадор президенті Даниэль Нобоа сейсенбі күні жеті провинцияда 60 күнге төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл шешім көлік жүргізушілерінің кәсіподақтары дизель отынының қымбаттауына байланысты ереуіл жариялағаннан кейінгі «ел ішіндегі жаппай тәртіпсіздіктерге» байланысты қабылданды.
Бұған дейін, жұма күні президент Нобоа дизель отынына берілетін субсидияларды алып тастау туралы шешім қабылдаған еді. Бұл шешім дүйсенбі күні жаппай ереуілге себеп болды. Президенттің айтуынша, полиция мен төтенше қызметтер ұсынған есептерге сәйкес, наразылықтар мен жолдардың жабылуы салдарынан «қоғамдық тәртіпке қатер төндірген» оқиғалар үдей түскен. Осыған байланысты төтенше жағдай енгізілген.
Жарлыққа сәйкес, төтенше жағдай режимін енгізу бейбіт сипаттағы және басқа азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен кепілдіктеріне нұқсан келтірмейтін митингтер өткізу құқығын шектеуді көздемейді.
Сондай-ақ, қарулы күштер мен ұлттық полицияға елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтарды қорғау, қозғалыс еркіндігі мен экономикалық қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауға рұқсат берілді.
Бұдан бұрын Эквадордағы бильярд клубында болған атыстан жеті адам қаза тапқанын жазған едік.