Эквадордағы бильярд клубында болған атыстан жеті адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Эквадордың солтүстік-батысындағы Санто-Доминго-де-лос-Тсачилас провинциясында белгісіз қарулы адамдар бильярд клубына оқ жаудырған.  Олар әскери форма киген. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Эквадордағы бильярд клубында болған атыстан жеті адам қаза тапты
Фото: primicias.ec

Атыс кезінде кем дегенде жеті адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алған. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Қарулы топ кешкі сағат 22:30 шамасында автокөлікпен келіп, Нуэво-Аманесер ауданындағы бильярд клубында отырған адамдарға қарай ретсіз оқ жаудырған.

Бұл — соңғы бір ай ішіндегі екінші шабуыл. Бұған дейін, 17 тамызда, дәл осы провинциядағы бильярд клубында болған шабуылдан да жеті адам мерт болған.

Эквадордағы Ұйымдасқан қылмыс жөніндегі бақылау орталығының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында елде 4619 кісі өлтіру тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға көп және ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Осы жағдайларға байланысты ел президенті Даниэль Нобоа 2024 жылдың қаңтарында Эквадорда «ішкі қарулы қақтығыс» режимін жариялап, есірткі картельдеріне қарсы күресті күшейтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Эквадор президенті Даниэль Нобоа ішкі тәртіпсіздік пен қарулы қақтығыстардың күшеюіне байланысты жеті провинция мен үш муниципалитетте 60 күндік төтенше жағдай жариялағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар