ЕҚЫҰ аясында бұрыннан қалыптасқан құндылықтардың маңызы жойылмай, күн сайын артып келеді - Х. Клинтон

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ЕҚЫҰ аясында бұрыннан қалыптасқан құндылықтардың бүгінгі күні де маңызы жойылған жоқ. Керісінше, олардың маңыздылығы күн сайын артып отыр.

ЕҚЫҰ аясында бұрыннан қалыптасқан құндылықтардың маңызы жойылмай, күн сайын артып келеді - Х. Клинтон

Бүгін Астана Саммитіне қатысу үшін елімізге ресми сапармен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон елордадағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен, жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі барысында осылай мәлім етті.

«Жалпы, ЕҚЫҰ мен үшін де, біздің мемлекетіміз үшін де басым маңыздық беретін ұйым болып табылады. Шынымен, 1993 жылы менің жолдасым АҚШ Президенті болып тұрған кезде ЕҚЫҰ біздің халықаралық саясатымыздың маңызды бөлігі болған еді. Бұл бағытты Б. Обама Әкімшілігі де қолдап, мен де ЕҚЫҰ-ға қатысты өз міндеттемелерімді бекіте түсетін қадамдар жасадым. Сондықтан да, мен Астанаға келіп отырмын», - деді кездесуге қатысушылардың сауалына жауап бере келе Х. Клинтон. Сонымен бірге, АҚШ Мемлекеттік хатшысы ұйым аясында қолға алынған үлкен шараларға тоқтала отырып, ЕҚЫҰ аясында бұрыннан қалыптасқан құндылықтардың бүгінгі күні де маңызын жоймағанын, керісінше олардың маңыздылығы артып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, ЕҚЫҰ бағыты - бұл АҚШ-тың халықаралық саясатының бір бөлігі болып табылады. «Біз ЕҚЫҰ секілді көпжақты халықаралық ұйымдарға жан-жақты қолдау білдіру үшін барлық жағдайды жасаймыз. Жалпылама алғанда, ЕҚЫҰ аясында күресіп жүрген қиын міндеттер баршылық. Бұнда ең бірінші назар аударатын мәселе -ЕҚЫҰ құжатын қолдаған барлық мемлекеттер оны қолдауды жалғастыра берулері шарт. Сондықтан да, біз ЕҚЫҰ-ның бұдан да белсенді болғанын және Ұйым қатарына кіру барысында міндеттемелерді орындауға уағдаласқан елдердің өз уәделерінде тұрғанын қалаймыз. Әрине, ЕҚЫҰ ерікті ұйым. Әрбір мемлекет ерікті түрде осы ұйымға қосылады. Алайда, кейіннен аяқ астынан қандай да бір құжатты қолдамай шықса, онда сол мемлекет осындай ұйымға не үшін қабылданатыны түсініксіз? Сондықтан да, біз ЕҚЫҰ рөлін және оған мүше мемлекеттердің Хельсинкий құжатын орындауы қажеттігін атап өткіміз келеді. ХХІ ғасырда жетістікке жетуге ұмтылған мемлекет адам құқын қорғаудағы барлық шараларды орындауы қажет», деді Х. Клинтон.