ЕҚЫҰ-дың қазіргі төрағасы Қ.Саудабаевтың Әзірбайжан сыртқы істер министрімен кездесуі өтті
БАКУ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Оңтүстік Кавказ елдеріне сапары аясында Бакуде Әзірбайжан сыртқы істер министрі Элмар Мамедъяровпен кездесті.
Кездесуден кейін екі ел сыртқы істер ведомство басшыларының шағын құрамындағы жүздесуінен соң кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Келіссөздер барысында Таулы Қарабақ жанжалын реттеу мәселелерінің барлық қырлары талқыланды.
Баспасөз мәслихатының барысында Қ.Саудабаев әзірбайжандық тарапқа ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстанның кандидатурасын және Мемлекет басшысының Ұйым саммитін өткізу жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді, аймаққа өз сапарының мақсаты туралы әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, ЕҚЫҰ соңғы саммиті бұдан 11 жыл бұрын Стамбулда өткен және осы уақыт ішінде Ұйым тарапынан бүгінгі күні тиісті көңіл бөлуді талап ететін әлемде көптеген қатерлер пайда болған.
«Көрсетілген проблемалардың ішінде ұзаққа созылған Таулы Қарабақ жанжалын реттеу мәселелері маңызды орын алады, - деп хабарлады Қ.Саудабаев. - Менің сапарымның басты мақсаты - орын алып отырған мәселелердің барлық түрлерін өз көзіммен көру. Осыған байланысты Қазақстан үшін осы проблеманы реттеу ең маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев бұл проблемамен оның туындаған сәтінен бастап айналысып келеді», - деді ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы.
Қ.Саудабаевтың айтуынша, осыған байланысты биылғы жылы Таулы Қарабақ жанжалын реттеу мәселелеріне лайықты үлес қосу үшін жанжалдасушы тараптарды тыңдаған өте маңызды.
«Менің әріптесім Элмар Мамедъяровпен арада өте сындарлы келіссөз болды, тағы алда президент Илһам Әлиевпен маңызды кездесу күтіп тұр», - деді Қ.Саудабаев.