ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде жаһандық мәселелермен қатар, ел мүддесі де назарда болғаны игі

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан бүгінде әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің арасынан ойып тұрып орын алатындай жағдайға жету үшін тек көмірсутегі мен өзге де табиғи байлықтарға арқа сүйеп отыра беруге болмайтындығын жақсы түсінеді. Сондықтан да болар соңғы уақытта мемлекеттік саясаттың ауаны шикізаттық емес секторға ауа бастады.
None
None


Бұл бағытта еліміз тарапынан қолға алынуы тиіс мәселелер де, жетілдіруге қолайлы салалар да жетерлік. Солардың бірі де, бірегейі де туризм саласы десек, асыра айтқандық емес. Өйткені Қазақстанның табиғаты көркем, жері кең байтақ, тек қазақтың ғана емес, түркі халықтарының және  өзге де елдердің тарихына қатысты тарихи мәдени, ескерткіштер мен жәдігерлеріне толы мекен. Яғни, туризмді дамытуға әлеует те, мүмкіндік те жеткілікті. Мәдени-танымдық,  экологиялық, экстремалдық және іскерлік туризм болсын, қай-қайсысының да өрісі кең. Тек сол мүмкіндік тиімді пайдаланылса болғаны.

Әрине бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ұмтылып отырған Қазақстан туризм саласын дамытуға да барынша көңіл бөліп келеді. Айталық елімізде мемлекеттің туризм саласындағы нақты басымдықтарына негізделген туризмді дамыту стратегиясы жасалған. Сонымен қатар 2007-2011 жылдарды қамтитын Қазақстан Республикасындағы туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама да бар. Ол 2006 жылдың желтоқсан айының 29-дағы Президенттің Жарлығымен бекітілген. Аталмыш құжаттың басты мақсаты - сырттан келетін туристер мен ішкі туризмді дамыту арқылы мемлекет кірістерін арттырып, халықты жұмыспен қамтамасыз ете алатын бәсекеге қабілетті туристік индустрия қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ құжат Қазақстанды 2011 жылы Орталық Азия аймағындағы туризм орталығына айналдыруды көздейді.

Туризм саласы мамандарының пікірлерінше, нақтырақ айтқанда Туризм және спорт министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Мәлік Сапашевтің айтуынша, келесі жылы, яғни еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін жылы бірінші кезекте  трансшекаралық туризм мәселесіне жіті көңіл бөліп, туристердің қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет болады. Ал трансшекаралық туризм елімізге келетін туристер санының барынша артуын қамтамасыз етеді. Осыған қарай қазір елімізде трансшекаралық туризмді ұйымдастыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынуда. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түрікменстан елдерінің қатысуымен Каспий теңізі арқылы ұйымдастырылатын халықаралық теңіз саяхаты жобасы бар. Аталмыш елдердің географиялық жағынан бір-бірімен үйлесімді орналасуы мен қолайлы инвестициялық климат жағажайлық және саяхат түріндегі туризмді дамытуға үлкен жағдай жасап отыр. Трансшекаралық туризм туралы сөз қозғағанда, Жібек жолы жобасына тоқталмай кету мүмкін емес. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» арқылы өтетін аталмыш жоба бойынша Бүкіләлемдік туризм ұйымының мәліметтеріне сәйкес, аталмыш аймақта 2020 жылға дейін 20 миллион турист болып қайтады. Бұл жоба негізінде Қазақстанға тиесілі ерекше туристік аймақтар ретінде Оңтүстік Қазақстан  облысындағы Түркістан қаласын атауға болады. Онда түркі халықтарының қасиетті мекендерінің бірі Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқандығы баршаға мәлім.  Қазақстанда  2011   жылы  өтетін  Қысқы  Азия  ойындарының   жарыстары  мен  спорттық   нысандары  да   бұл  орайда   өз   үлесін   қосқалы  отыр    

М.Сапашевтің мәліметтерінше, Жібек жолы жобасын жүзеге асыруда өзара ықпалдастық шараларын белсенді жүргізу мақсатында 2009 жылы Астанада өткен Бүкіләлемдік туризм қауымдастығының Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы аясында Туризм және спорт министрлігі Ұлы жібек жолына қатысты арнайы форум ұйымдастырды. «Аталмыш жиын әлемдегі алқалы жиындардың бірі болды, ал онда қабылданған Астаналық декларация Жібек жолында орналасқан елдердің туристік өнімдерін өткізуге инвестиция тартудың басым бағыттарын айқындап берді», деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, еліміздің 2007-2011 жылдарды қамтитын Қазақстан Республикасының туризмді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақстан ғаламшардың алғашқы космостық айлағы» атты жоба аясында Байқоңыр қаласында космостық туризмді дамытуды қолға алу көзделуде. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін қазір туристік кешен құрылысын жан-жақты ойластыруды қажет етіп отыр. Елімізде туризмді дамыту ісіне сонымен қатар Бүкіләлемдік туризм ұйымы үлкен қолдау көрсетуде. Қазақстан аталмыш ұйымға міне 14 жылдан бері мүше. Осы шаралардың барлығы елімізге келетін туристер санын барынша арттырып, болашағынан зор үміт күттіретін туризм саласын дамытуға ықпал етеді деген сенім бар. 

Сонымен еліміз алдағы жылы әлемдегі ең ықпалды деген халықаралық ұйымдардың бірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымына төрағалық ететін болды. Аталмыш ұйымға төрағалық, сөз жоқ, Қазақстанның әлем елдері арасындағы беделін арттырып, мәртебесін көтереді. Себебі еліміз Азия мемлекеттерінің арасында алғаш болып осындай деңгейге көтеріліп отыр. Осыған қарай қазір еуропалықтардың өздері әлемде қалыптасқан және осы уақытқа дейін тиімді шешімін таба алмай келген көптеген түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына Қазақстан төрағалық ету тұсында ықпал етер ма екен деген үмітте. Бұны соңғы уақытта еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығына және өзге де көптеген мәселелерге байланысты келіп жатқан шет мемлекеттердің ресми өкілдері жиі айта бастады. Ал Қазақстан төрағалық тұсында айналысатын мәселелердің басым бағыттарын әлден-ақ көрсетіп берді. Жалпы алғанда ЕҚЫҰ-ы негізінен демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарының сақталуын басым бағыттардың бірі ретінде ұстанып отырған ұйым. Дегенмен оған төрағалық ететін мемлекетте осы демократиялық құндылықтардан өзге мәселелер назардан тыс қалуы тиіс дегенді білдірмесе керек. Өйткені уақыт өткен сайын адмзат өміріне дендеп еніп бара жатқан жаһандану үдерісінде мемлекетаралық, ұлтаралық, дінаралық қайшылықтармен қатар экологиялық ахуал, есірткі саудасымен, лаңкестікпен күрес сияқты бірлесіп қолға алуды қажет ететін, тек ынтымақтасып қимылдағанда ғана нәтиже шығаруға болатын мәселелер жетерлік. Әрине олар өз алдына жеке әңгіме. Бұл ретте ерекше еске сала кетер мәселе, ел басшыларының жаһандық деңгейдегі мәселелермен қатар ұлт, мемлекет мүддесін де ұмытпағаны абзал болар еді. Себебі ЕҚЫҰ-ы сияқты ықпалды ұйымға төрағалық ету Қазақстанның маңдайына күнде бұйыра бермесі анық. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық ұйымның беделі мен ықпалын да қолдана отырып, елдегі болашағы зор, алайда жалғыз мемлекеттің күшімен ілгерілетуге қиындық тудырады дейтін мәселелерді де бір сәт назарға алғаны оңды болар еді. Ал сөз арасында атап өткен Жібек жолы сияқты халықаралық ықпалдастыққа келіп тірелетін мәселелер еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі шешімін күткен мәселенің біржақты болуына ықпал ететіні сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар