ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастырып отырған Қазақстан гендерлік теңдік жағынан да үлгі бола алады –Мәжіліс депутаты Е. Тарасенко
Л. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 1-2 желтоқсан - Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын күн. Дәл осы күндері елордада ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі шын мәнінде теңдесі жоқ тарихи оқиға болып қалмақ. 1975 жылы Хельсинки келісімінен бастау алған ЕҚЫҰ биыл өзінің 35 жылдығын атап өтіп отыр.
Осы кезеңде аталмыш халықаралық ұйым мемлекетаралық қарым-қатынастар, демократиялық даму және адам құқығы саласында тынбастан жұмыс жүргізіп келеді. Ұйым жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі гендерлік теңдікті нығайту және оны жан-жақты дамыту болып табылады. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Елена Тарасенко өз ой-толғамын былайша тарқатады.
-Соңғы елу жылда әйелдер дүние жүзінде отбасы, қоғам және мемлекет тұрғысында теңдік пен әділеттілік бағытында елеулі табыстарға қол жеткізді. Сонымен бірге әлемнің көптеген елдерінде әйелдердің жай-күйі һәм мәртебесі сол мемлекеттегі басқарудың әлеуметтік-саяси құрылымына, мәдени салт-дәстүрлер мен діндерге, ауыл шаруашылығы мен технологиялық үрдісті жүргізуге байланысты болып келеді. Сондықтан ЕҚЫҰ сынды гуманитарлық мәселелермен айналысатын ұйымның мақсаты жалпыға ортақ талаптар негізінде гендерлік теңдікті үйлесімді дамытудың тиімді жолдарын іздестіру болып табылады.
Қай кезде де жеке үлгінің ықпалды және сенімді түрде әсер ететіні белгілі. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстанның гендерлік теңдік жағынан да үлгі бола алатынын айтқан жөн. Еуропалық сарапшылардың атап өтіп отырғанындай, мұндағы ерекшелік гендерлік теңдік мәселесін негізінен Азияда, Батыс пен Шығыс өркениетінің тоғысқан жерінде орналасқан, халқының көпшілігі мұсылмандар болып табылатын елдің алға тартып отырғандығында.
Қазақстан, міне, он жыл бойы гендерлік теңдікті жүйелі дамытып келеді. Осы мәселені мемлекеттік саясатта толыққанды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратын ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, тұрақты жұмыс жасап отыр. Тәуелсіздік жылдарында еліміз ерлер мен әйелдердің заңды құқығы мен мүддесін қорғауда ілгері басты. 1998 жылы Қазақстан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі БҰҰ Конвенциясына қосылды. Жалпы, Қазақстан адам құқығы, соның ішінде әйелдер мүддесіне қатысты 60-тан астам халықаралық келісімге қол қойған екен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікті дамытудың 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы қабылданып, жүзеге асырылуда. Қазақстанда гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеуге ЕҚЫҰ, ЮНИФЕМ, ПРООН секілді халықаралық ұйымдар қолғабыс берді, соның нәтижесінде озық әлемдік талаптарға сай келетін сапалы құжат дүниеге келді. Бұл құжат демократиялық дамудың бір бұтағы ретінде атқарушы және өкілетті биліктің, мемлекеттік органдардың күш-жігерін әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, зорлық-зомбылықтың қандай түрін де болдырмауға жұмылдыруға бағытталған.
Статистика тілімен айтқанда, әйелдердің қоғамдағы орны мынадан да көрінеді. Республика Парламентінде 21 әйел болса, ел Үкіметінің құрамында 3 министр, 1 агенттік төрайымы, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары, 4 жауапты хатшы, 5 вице-министр нәзік жыныстылардың өкілі болып табылады. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарында да әйелдер баршылық. Атап айтқанда, үш бірдей әйел облыс әкімінің орынбасары және соншасы аудан әкімінің қызметін атқарады. Сондай-ақ аудан әкімі орынбасарларының 17, ауылдық және кенттік округ әкімдерінің 11 пайызы - әйелдер. Тұтастай алғанда, бұл көрсеткіштер орта әлемдік деңгейге сай келеді, оған қоса елімізде гендерлік теңдік тұрғысынан саяси шешімдер қабылдауға қатысатын әйелдер санын 30 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Гендерлік теңдік мәселесін шешудің айқын бір көрінісі ретінде ел Парламенті қабылдаған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» және «Әйелдер мен ерлер құқығы мен мүмкіндіктері теңдігінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңдарды айтуға болады. Мемлекет басшысы қол қойған бұл құжаттар гендерлік саясатты нақты жүзеге асырудың маңызды тетіктері болып табылады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң, ең бастысы, отбасында болатын түрлі кикілжіңнің алдын алуды және бола қалған жағдайда тиісті шараларды белгілеуді көздесе, екінші заң, аты айтып тұрғанындай, ерлер мен әйелдердің қоғамдағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталмыш заң актілері отандық құқықтың дамуына да ықпал етеді. Яғни заңды тұрғыда бекітілген гендерлік теңдік қағидасына сәйкес келмейтін өзге заңдарға тиісті өзгертулер енгізу қажеттігі туындайды. Бұл бағытта Парламент депутаттары, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар әлі де көп жұмыс жасауы қажет. Бұл, түптеп келгенде, ЕҚЫҰ елдерінде гендерлік саясатты тиімді жүргізудің жоғары қағидаттарына сай келеді.
Қорыта айтқанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан өзінің гендерлік саясаттағы табыстарымен тек аталмыш ұйым мүшелері ғана емес, өзге елдерге де үлгі бола алады. Еліміз барлық еуразиялық кеңістікте гендерлік теңдік идеясын көтеріп келеді. Мұның бәрі де әйелдердің отбасы ұйытқысы, білімді де білікті маман болып қана қоймай, қоғам өміріне белсене араласуы үшін жасалып отыр. Осы бағытта ЕҚЫҰ төрағасының басшылығымен тұрақты кеңес әйелдер теңдігіне және олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуына байланысты Венада қосымша кеңес өткізу жөнінде шешім қабылдады.
«Қазақстандық тәжірибені әйелдердің әлеуметтік мәртебесі қалыптасқан дәстүрге сәйкес әлі де даму күйінде қалып отырған шығыс елдерінде қолдануға болады. Бұл - адам құқығын нығайтудың бір жолы деп айтуға әбден болады», - деп қорытты ойын Мәжіліс депутаты.