ЕҚЫҰ Саммитінде Ұйымға қатысушы мемлекеттер Ауғанстан мәселесін талқылауға мүдделілік танытып отыр -ЕҚЫҰ Бас хатшысы
АНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -ЕҚЫҰ Саммитінде Ұйымға қатысушы мемлекеттер Ауғанстан мәселесін талқылауға үлкен мүдделілік танытып отыр. Бүгін елордада ЕҚЫҰ саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясы барысында журналистерге берген сұхбатында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо осылай мәлім етті.
Журналистер сауалына жауап берген М. П. Бришамбо Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында барлық бағыт бойынша үлкен прогресс орын алғанын ерекше атап өтті. «Біз шешімін таппай келе жатқан мәселелер, яғни «қордаланған қақтығыстар» ретінде аталып кеткен жанжалды мәселелер бойынша көп жұмыс атқардық. Ал Қырғызстанда орын алған дағдарыс та өте сәтті шешімін тапты деп айта аламын. Бұдан бөлек, Қазақстанның сол елдегі толеранттықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысы да жоғары деңгейде жүзеге асты», - деді М. Бришамбо.
Сонымен қатар, Бас хатшы ЕҚЫҰ Саммиті бойынша ұйымға қатысушы мемлекеттер тарапынан Ауғанстан мәселесін талқылауға қатысты үлкен мүдделілік болғанын атап өтті. «Бірнеше күн бұрын аталмыш мәселе Лиссабонда өткен НАТО отырысында көтерілген болатын. Оның жұмысына Президент Н. Назарбаев та қатысқан еді», - деді Бас хатшы.