ЕҚЫҰ Саммитіне арналған марка қолданысқа енгізілді

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне арналған үш көркемсуретті маркадан тұратын почталық блоктар айналысқа енді.

ЕҚЫҰ Саммитіне арналған марка қолданысқа енгізілді

Осыған орай, Сыртқы істер министрлігінде ведомствоның Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко мен «Қаз­пошта» АҚ-ның басқарушы директоры Андрей Вагнердің қатысуымен аталған маркаларды қолданысқа ендірудің салтанатты шарасы болып, пошталық блокты арнайы мөртабанмен басу рәсімі өтті.

«ЕҚЫҰ саммитіне арналған марканы арнайы қолданысқа енгізу - бұл пошталық жөнелтілімді қарапайым белгілеу ишараты емес. Аталған бірегей үдерістің ауқымды тарихи құндылығы да баршылық. Біздің еліміз үшін үлкен саяси мәнге ие бұл жағдай тарихтар қойнауында мәңгіге есте қалатын оқиға болып отыр. Сондықтан да, арнайы пошталық мөртабанмен қолданысқа енгізілген марка әлем елдерінің филателистерінің коллекциясында құрметті орынға лайық», деді салтанатты шара барысында «Қаз­пошта» АҚ-ның басқарушы директоры Андрей Вагнер.

Номиналы 190, 140, 32 теңге маркалардың көлемі 28 және 40 мм, ол офсеттік әдіспен төрт бояумен басылған. Маркалардың таралымы - 90 мың дана. Үш көркемсуретті маркадан тұратын пош­талық блокта Қазақстан Туы аясында Президенттің Ақорда резиденциясы, Тә­уел­сіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім са­райы, «Қазақ елі» монументі бейнелен­ген. Жаңа пошталық маркаларды «Беларус баспасөз үйі» баспасы шығарған, оларды пошта жөнелтуге кез келген адам пай­далана алады.