Ел Абылайға сенді, хан елдің үмітін ақтай алды - Ерлан Сыдықов

КӨКШЕТАУ. 5 қазан. ҚазАқпарат - Абылай ханның ішкі және сыртқы билігінің бар мазмұны халықтың тұтастығына бағытталды. Бұл туралы бүгін Көкшетаудағы «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті.
None
None

«Абылай ел билеген кезеңде жойқын өзгерістер жасап, Қазақ Ордасының іргесін одан әрі нығайтуды көздеді. XVIII ғасырдың қазақ тарихында алатын орны өзгеше. Бұл жүз жылдық Ұлы дала көшпендiлерi өркениетiндегi бетбұрысты кезеңдердiң бастауы болатын. Моңғол империясының мұрагерлерi, қазақтар мен қалмақтар өзара өшпендiлiктiң отын өшiрмедi», - деп тоқталған Е. Сыдықов, «ал «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» есеңгiреген қазақ дер кезiнде есiн жиып, жұрттығын сақтап қалды», - деді.
Бұл тұрғыда ол қазақтың тарихи жырларында Абылай ханның даңқты бейнесi осы кезеңнiң оқиғаларымен байланыстырылатынын атап өтті.

«Абылай көшбасшылық кемеңгерлігімен ғана емес, қолбасшылық қабілетімен де үзеңгілестерінен оқ бойы озық еді. Бөгенбай мен Қабанбай бастаған атақты батырлар керек кезінде оның ақылына жүгініп, беделіне арқа сүйеді. Жеңісті де жемісті әскери жорықтары оның даңқын жайып, атын аңызға айналдырды. Абылайдың салиқалы да сауатты саясатының нәтижесінде ішкі саяси ахуал тұрақтанып, Шыңғыс әулеті мен ақсүйектердің өзара тартысы тыйылды, қазақтың барша этникалық аумағы азат етілді», - деді ғалым.

«Ел ханына сенді, хан елдің үмітін ақтай алды. Қазақ халқының жадында ол осындай сипаттармен сақталып қалды», - түйді Е. Сыдықов.


Соңғы жаңалықтар