Ел бастаған Елісханның аманатын арқалаған Әтейхан Білгінді ұмытпасақ игі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Еуропа қазақтары Гималай асқан көштің Түркия қамқорлығына алынғанына 70 жыл толғанын атап өтті. Осындай айтулы датаға орай ҚазАқпарат Түркиядағы Алтай ауылының бұрынғы тұрғыны, сол ауылдың алғашқы әкімі болған Әтейхан Білгіннің немере қарындасы Шәмсиябану Шахинмен сұхбатты ұсынады.

Ел бастаған Елісханның аманатын арқалаған Әтейхан Білгінді ұмытпасақ игі

ЕЛІСХАННЫҢ ДҮНИЕДЕН ӨТЕРДЕ АЙТҚАНЫ

Белгілі журналист, ХХ ғасырдағы қазақ көштерін зерттеуші Бейсен Ахмет хабарласып, Түркиядағы Алтай ауылының алғашқы әкімі Әтейхан Білгіннің немере қарындасы Астанаға келгенін, айтары бар екенін жеткізген еді. Күнде қолға түсе бермейтін қандасымыздың әңгімесін тыңдауға біз де құштар едік, сұхбат алып қалуға қуана-қуана келістік.

-Әуелі өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Гималай асқан көшке қандай қатысыңыз бар?

-Аты-жөнім –Шәмсиябану Шаһин. Әкемнің аты – Мұхаммед. Халық Мұқай деп атайтын. Менің әкем Мұхаммед – Қайса деген кісінің баласы. Қайса мен ел бастаған Елісханның әкесі Әліп бір туысады. 1936 жылы деп ұғыппын, ол уақта өзім дүнияға келмеген кезім. Әліп атамызды 100-дей адаммен қытай әскері қырып кетеді. Бір жылдан кейін Елісхан ағамыз әкесіне ас беріп, астан кейін үндеу тастайды.

«Мен болсам мына жерде тұра алмаймын. Қытай бізді тауысса тауысар, біз бұларды тауыса алмайды екенбіз. Маған еріп көшетіндерің бар болса, қапы қалмаңдар», - дейді.

Алғашқы лекпен бірқанша адам көшеді. Мен содан Пәкістанға жеткені 3400-ден астам деп естігем. Әкемнің інісі Әтейхан деген адам солай айтып отыратын. Елісхан бастаған көш Гималайды асып, Пәкістанға келеді. Мен үлкендерден 1940 жылы деп естігем, кітаптарда 1941 жыл деп жазылып жүр. Оның алдында Үндістанда тұрақтай алмаған екен. Ол жерде кішкене қиыншылық көрсеткеннен кейін Пәкістанға өтіпті. Пәкістанда да ауа райы ауысқандікі ме, әйелдері балалы бола алмай, сондағы үркіншілікпен жүрген қазақтың басына бір қиыншылық кезең туыпты. Келген 3500-дей адам болса, 2000 мыңдайы қайтыс болыпты. Соның ішінде жаңағы Елісхан ағамыз да бар. Жылын дәл білмеймін. Пәкістанда қайтыс болғаны анық бірақ.

1946 жылы Пәкістан мен Үндістан бір-бірінен айырылады ғой, мен 1948 жылы сол жерде туыппын. Шәуір, Суат деген жер бар екен, Исламабад бар, қазақтар тіршілік қамымен сол өңірлерге бытырай бастайды. Бірақ оңалып кеткендері сирек болса керек. Елді меңдеген ауру Елісханды айналып өтпепті. Ағамыз қайтыс боларында игі-жақсыларды жинап, өсиет айтады.

«Мен білсем, мен мына дүнияның адамы емеспін. Менің ойым не Арабия, не Түркия еді. Ол жаққа елімді жеткізе алмадым», - дей келіп әкемнің інісі Әтейханға қайырылады.

«Мен сендей күнімде атқа мініп қойғанмын. Сен неғып, отырсың? Есіңді жи, мына халыққа ие бол! Не Түркияға, не Арабияға жеткізуді ойла. Америка лайық деген, оған бармай-ақ қойыңдар. Бір кәпірден қашып, бір кәпірді қайтеміз», - деп өсиет айтқан екен.

Ертеңінде Елісхан ағамыз қайтыс болады. Әтейхан оқыған-тоқығаны шамалы болса да, сондағы елдің ішіндегі көзі ашығы болғанға ұқсайды. Ол уақта Пәкістанда ағылшын тілі үстем тұрған ғой, күндіз жұмыс істесе, түнде тіл үйреніп, Түркияға үш рет қағаз жазады. Сұрайтыны – «Бізді азаматтықа ала аласыздар ма?». Сүйтіп жүргенде, Исмет Мұстафа Инөнү (Түркияның екінші президенті (1938-1950 – ред.)) деген басшыдан жауап келеді.

«Біз сіздерді ала алмаймыз. Екінші дүния соғысынан жаңа шықтық. Еңбектеген бала құсап есімізді жаңа жиып жатырмыз. Ала алмаймыз», - деп жазады үш ретінде де.

ЯХИЯ КЕМАЛДЫҢ АҚЫЛЫ

Әтейхан ағамыз сонда да қайтпай, Пәкістандағы Түркияның елшілігін тауып алады. Сонда Яхия Кемал Баятлы деген үлкен жазушыға жолығады. Барып, амандасып, жағдайын айтады. Осының алдында Түркияға жолдаған хатының бір нұсқасын ол кісіге де ұстатады. Яхия Кемал Баятлы ол хатты көзінше жыртып, қоқысқа тастайды. Ол жайын өз құлағыммен естідім.

«Ой деген нәрсе не деген шапшаң?! Бізді бұлар мүлде қабылдамайтын болған екен. Апырай, енді қайтсек», - деп өкініп үлгергенімше көңілімді қайта көкке жеткізді.

«Әй, сендерді қабылдамаймыз деген сөз жоқ. Біздің түріктің түбі сендерсіңдер. Бәріміздің түбіміз бір. Кейін тіліміз тармақталып кеткені болмаса, бәріміз бір елміз. Бұлай қаңғытып қоймаймыз. Тек қанша адам екендеріңді тізімдеп әкел. Тізімін өткізгеннен кейін біз сендерді қабылдаймыз. Жол қаражаттарыңды өздерің тартасыңдар. Түркияға жеткеннен кейін не беріп, не қоятынымызды өзіміз шешіп, күлеп аламыз. Оған қорықпаңдар» деп қуантып қоя берді»,-деп отыратын.

Осы қуанышты хабарды бірінші болып Халифа молдаға айтады. Одан бөлек Ұядан қажы, Хамза қажы, Осман Қаштан деген үлкен-үлкен кісілер бар, ел ағаларының бәрін жинап кеңес құрады. Осылайша Пәкістанның әр түкпіріне тарай бастаған қазақтардың тізімін алу үшін, жан-жаққа кісі жібереді. 1952 жыл болса керек, тізімді түгел түзіп, Түркияның консулына тапсырады. Біз Пәкістаннан 1953 жылы көштік.

-Сіз ол кезде барсыз ба?

- Мен онда бестегі баламын. Параходқа түскелі жатқаным еміс-еміс есімде бар. Одан кейін пойыз ішінде кетіп бара жатқанымды білемін. Пойызға сол отырғаннан Ыстанбұлға бірақ келдік қой деймін. Ол жерде 1-2 жылдай Үкімет өзі бақты. Өйткені ешкім тіл білмейді, жұмыс істей алмайды. Жалғыз Әтейхан ағамыз ғана шығады. 1-2 жылдан кейін жеребе тартқызу арқылы жан-жаққа тарата бастады. Измир, Салихли деген жерге кеткендер бар, Қайсери деген жерге кеткендер бар, Ақсарай деген жерге кеткендер бар, Кония кеткендер бар. Біздің барған жеріміз – Ниде аймағының Ұлықшыла деген ауданы еді. Түркия басшылары Әтейхан ағамызға Ыстанбұлдан қоныс ұсынды. Әкемнің 11-12 баласынан тірі қалғаны мен ғана болатынмын.

«Мынаны өз атыңа ал да, аға-жеңгеңді, екі қарындасыңды, оның сыртында өзің жақын тұтатын 5-6 үйді қосып, 10 үй Ыстанбұлға тұрақтаңдар. Қабат үй керек десеңдер, оны да береміз», - деп ұсыныс айтады. «Тәржіман» деген газетке жұмысқа алады. Бірақ ағамыз ертіп әкелген елді таратып жіберіп, Ыстанбұлда қалудан тартынады.

«Халықты ертіп әкеп, тіл білмейтін, жер білмейтін, жол білмейтін күйінде қаңғытып жіберіп, Ыстанбұлда бұлай жалғыз тыныш жата алмаймын деп» деп ұсынысты қабылдамайды. Сөйтеді де өзгелермен қатар жеребе тартып, содан Ниденің суы бұйырады.

-Алтай ауылының құрылатыны сол кез ғой?

- Иә, Нидеге барсақ, қаз-қатар үй салып жатыр екен. Әуелде матадан шатыр құрып, сонда қоныстандырды. Өзімнің есімде жоқ, үлкендердің айтуынша, Құрбан айттан бір күн бұрын барған екенбіз. Әр үйге Құрбан шалсын деп мал таратады. Менің есімде қауын-қарбызды үйіп әкелгендері қалыпты. Үй салынып біткен соң сонда кірдік. Әтейхан ағамыз сол жердің әкімі болды. Алтай ауылында ол кезде 160 үй болатын. Сол 60 үйдің бүкіл құжат шаруасы соның мойнында болды. Өйткені талайға дейін ішінен тіл біліп, құжат жүргізетін адам жоқ болды. Бірақ ол үшін бір тиын да айлық алып көрген жоқ. Ұлықшыла мен Алтай ауылының арасы 35 шақырым, Сол екі ортаға жаяу қатынайды. Кешке тағы жаяу қайтады.

1965 жылы мен тұрмыс құрып кеттім. 1967 жылы Үкімет радиодан әкімдікте жұмыс істейтіндерге жалақы байлайтынын жариялады. Қазақ қайда жүрсек те тыныш отырмаймыз ғой, әлгіні естіген соң ауылдағылар өз іштерінен бір адамға айлық тоқтатып, Әтейхан ағамыз шет қалады. Мен бірнеше адамның хатын алып, мәселе көтерейін деп едім, қайтарып тастады.

«Не істесем де Алланың көз алдында тұр. Айлық үшін емес, аманат үшін істеп жүрмін. Сен оған араласпа», - деді. Осылайша жылдар бойы айлықсыз істеген қызметінен түсіп қалды. Бірнеше айдан кейін ауылға барып, өзіне мұның әділетсіздік екенін айтып едім, тағы басу айтты.

«Оған әуре болма. Баяғыдан бергі қиындықтардан өлмегенде, енді айлықсыз қалғаннан өледі дейсің бе», - деп тыныш жауып қойды.

Соған қарамастан, ауылдың қамы үшін Үкіметке арыз жазуын тоқтатқан жоқ. Айтып жүріп ауылға мектеп салғызды. Түркияның өз жағдайы жасқара келе ауылға мешіт, диірмен салынды. Зейнетке жасы келген соң Үкімет жасында әкімдікте тегін істегенін ескеріп, зейнетақы тағайындап берді. Өмірден 2011 жылы жасы 100-ге таяп өтті.

-Ел бастаған Елісханның аманатын орындаумен өмірі өткен екен ғой...

- Мұның бәрін саған неге айтып отырмын? Өткенде Түркияда Гималай асқан қазақтардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жыл толғаны атап өтіліпті. Сол кезде балам маған телефонмен хабарласып, өкпесін айтты. Жиында не Елісханның, не Әтейханның аты аталған жоқ. Германиядағы, Түркиядағы, бүкіл Еуропадағы қазақтардың бәрі Елісхан ағамыз бастап, кейін Әтейхан ағамыз жалғаған көшпен жеткен жоқпа еді?! Біреуі сол кісілердің есімін аузына алған жоқ»,-деп кейіді.

Жарықтық Әтейхан ағамыздың өзінен де қате кеткен. Халқым үшін деп жүгіре бергенімен, ешбірін, қағазға қаттап жазбаған. Енді қарап отырсақ, қай-қай нәрсе де жазылуға тиісті екен. Хат біліп тұр, сауаты жетіп тұр, бірақ құнттамаған. Түркияға келгенде бәріміз фамилия сұраса әкеміздің атын айтады екенбіз. Сонда түріктер Әтейхан ағамызға «Сіз білгіш кісі екенсіз. Тегіңізді «Білгін» деп қоямыз депті. Содан құжатта фамилиямыз Білгін болды.

70 жылдықтан кейін осындай өкпе айтылып жатыр. Елісханның елді Гималайдан алып өткенін дүния-ғалам біледі деп ойлаймын. Ал сол елді Түркияға жеткізген Әтейхан деп бір адам айтса салса болатын еді ғой. Соған сәл реніш бар.

«ЕЛІСХАН ҚЫТАЙША БІЛСЕ ДЕ, ТІЛМӘШ АРҚЫЛЫ ТІЛДЕСКЕН»

-Ол кезде қазіргідей бүкіл әлемді алақандай смартфонға сыйғызған технология жоқ. Елісхан артынан ел-жұртын ертіп Гималай асқанда жолды қалай тауып отырған? Қалай адаспаған? Әкеңіз, ағаңыз ол туралы не айтушы еді?

- Елісхан ағамыздың қолына бір қытайша сызылған қарита (карта – ред.) түседі. Өзі қытайша білсе де, сөйлемейді екен. Қасақана жанына тілмәш ертіп жүретін болған екен. Сол картадан Тибетте мұсылман жұрт бар деп көріп, соны басшылыққа алған көрінеді. Бірақ ондағылар көштің қолындағы қару-жарақтың бәрін жинап алып, Елісханды қамауға алады. Оған шыдамаған еті тірі қазақтар түнде түрмені бұзып, Елісханды шығарып алады деп естідім. Содан ол жерден қашып Үндістанға келеді. Үндістанда бір жағынан діні басқа, бір жағынан қысым көре бастайды. Содан менің әкем Мұхаммед пен Ақмолла деген жеке молдасын бір топ адаммен Пәкістан шекарасын барлауға жібереді. Пәкістанға осылай өткенбіз деп отыратын.

-Әтейхан ағаңыздан қазір ұрпақ бар ма?

- Жалпы Елісханның әкесі Әліптің бес ағайыны болған. Әліп, Қайса, Қожақын, Қожамберген. Мұхтар деген бес ағайынды екен. Әтейханнан қазір 5 ұл, 5 қыз бар. Олардың бәрі Түркияда тұрады. Тек бір қызы Францияда мекен етеді.

-Түркиядағы балалық шағыңыздан не есте қалды? Бауырлас болса да, бөтен елді сағалап жүргендеріңізді сезінетін бе едіңіздер?

- Мектепке 7 жасымда бардым. Түрікше оқыдым. Мектеп ашылғанда «Біз Қытайдан баламызды өзге тілде оқытпаймыз деп көштік емес пе, енді неге түрікше оқытуымыз керек» деп қарсы шыққандар болыпты. Сол қарсылықты тоқтату үшін Әтейхан ағамыз тізімге бірінші болып мені кіргізеді. Мен сияқты бүкіл туысқандардың баласы мектепке барған соң қалғандары да көнеді. Ол мектептен 5 сыныптық білім алдым. Одан әрі оқи алмадым. Түріктер басқа жерде оқытып берейік деген екен, қыз баланы сыртқа шығармапты.

Жолдасым да сол Елісхан бастаған көшпен барған Азанбай деген кісі еді. Руы – Керей, оның ішінде Ителі. 100-ге келіп қайтыс болды. Өзім қазір 75-темін.

Бала күнімізде біз Қазақстанның бар екенін білмейтінбіз. Ол уақытта радио ғана бар. Анда-санда қазақша толқынға жолығып қалсақ, әрі қарай тыңдау үшін есіміз шығып іздейтінбіз. Әттең қазақтың дыбысын бір емін-еркін естісек деген күндеріміз болды. Алла тағала сол тілекке жеткізді. Елімізде, еліміздің астанасында еркін басып жүрміз, құдайға шүкір.

АЛТАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАҚТЫҒЫС

Алтай ауылына алғаш қоныс тепкенде іргеде түрік ауылы болған еді. Арасы 4-5 шақырым ғана. Алғашында солармен арамыз салқындау болды. Қой жайып жүрген қазақтарды жаралады, бір кісіні өлтірді де. Әтейхан ағам ауданмен арадағы 35 шақырымға жаяу қатынайтын дедім ғой. Ана кісі де сол жолмен жаяу келе жатқанда босмойын шоқпармен бастан ұрып өлтіріпті. Жанындағы адам кеш қараңғысымен әрең құтылып, ауылға айтып келді. Ауылбасы Әтейхан ағамыз Үкіметке арызданды. Көрші ауылдың қалың еркегін тізіп қойып беттестіріпті. Қасында болған кісі өлтірген түрікті тапқанымен, кейін кектесіп жүрер деп, айтпаған.

Бір күні қой жайып жүрген қазақтарды әлгі ауылдың түріктері тағы жаралап кетті. Қалың қазақ ести салып, аттылы-жаяуы бар, сол ауылға кетті. Тасбике рулы бір ағамыз түріктің бірін ұрып жығып, ауылға ұстап алып келеді. Біз де көрдік. Жуан бір қара кісі екен. Қазақтарға салсаңыз өздері үкімін шығармақшы. Әтейхан ағамыз ауылбасы ретінде өз үйіне әкеп тығады. Қалған қазақтар өткендегі қанның кегін аламыз деп тепсінеді. Ағамыз тиіскізбей қойды. Шешем үйдегі пышақтың бәрін тығып жүр. Қорыққаннан өзіне қол салмасын деп жүрген түрі. Соның бәрін балалар терезеден қарап көргеніміз есімде. Кейін үлкен әскери мәшине келіп, алып кетті. Барған жерінде «Ауылбасы аман алып қалды, әйелі пышақтарды тықты» деп бәрін болғандай айтыпты. Қазір ойлап қарасам, сол оқиғадан кейін арадағы қатынас жібіген сияқты.

-Уақыт өткен сайын Гималай асқан көш туралы дәйекті естелік айтатын жанддар азайып келеді. Сіздің өз әкеңіз Мұхаммед Гималайдан қалай өткендерін айтушы ма еді? Бала кезіңізде қызығушылық танытып, талай сұраған шығарсыз?

-Өз әкем баласының бәрі қайтыс болып, мен ғана аман жеттім. Көштің азабы, баланың қайғысы сияқты қиыншылықты ол кісі де көп тартты. Миына қан шауып, қол-аяғы ұстамай қалған болатын. Елісханның көш бастауын, басқа да дүниелерді айтқанда жылап-еңіреп, қиналып қалатын. Сол күйін көріп отырып, естелік сұрап, ескі жараны тырнауға дәтіміз бармайтын. Қабағына қарайтынбыз, ауыртып аламыз ба деп қорқатынбыз...

- Қазір Алтай ауылына барып тұрасыз ба? Тұрғындары жан-жаққа тарап кетті деп естиміз.

- Қазір Алтай ауылында 20 шақты ғана үй қалды. Қалғанының бәрі Ыстанбұлға көшіп кетті. 3-4 үй ғана жөндеу көрген шығар. Дәулеті жеткендер қосқабатты үй қылып алды. Бұрын ауылда 160 үй болғанда өте әдемі еді. Бала күнімде соның өзі қала сияқты боп тұратын. Барлық үйде қой бар. Кеш қараңғысымен бөтен қой сұрап жүретін кездерді сағынып еске алам.

Ұйымшылдығымыз сондай, біреу тымақ тіксе бүкіл ауыл жиылып, бір күнде бітіріп кететін. Келесі күні тағы бір үйде сырмақ басылады деген сияқты. Айт күндері айтшылау, ауырғанның халін сұрау, көңіл айту деген салттың бәрін жібермейтінбіз.

Кейін бәрі жақсы тұрмыс іздеп Ыстанбұлға қотарыла көшті. Тек Әтейхан ағамыз Алтайда қалды. Сүйегі де сонда жатыр. Шынын айту керек, ол кісінің тіршілігі онша жақсы болмады. Өзі құралпылас қазақтың бәрі қажыға барса, ол кісі бара алмады. 2010 жылы ол кісі тірі еді. Мен қажыға барып, сонда бір кісіні ұстап, Әтейхан ағамыздың қажылық рәсімін істеттім. Менің жасаған қызметім сол болды. Зәмзәмін, құрмасын, Алтайға автобуспен салып жібердім. Ағамыз «9-10 балам емес, мына балам қажы қылғанына тәубе», - деп жылапты. Өзінің барайын десе жағдайы да жоқ, қартайған соң денсаулығы да келмейтін. Тіпті қолына «Әтейхан Білгін қажылық сапарын атқарды» деген қағаз да апарып бердім. Сөйткен ағамыз 2011 жылы тура қажылық уағында тоқсаннан асып барып қайтыс болды.

- Қазақстанның тәуелсіздік алғанын қайда жүріп естідіңіз?

- Қазақстан тәуелсіздік алды деген хабарды Ыстанбұлда жүріп естідім. Әр үйде той болды. Қуанбаған қазақ жоқ. Екінші ұлым Фахриддин Қазақстанға барам деп болмай қойды. «Азаттығын енді алып жатыр, тұрақтанған соң бар» деп әрең тоқтаттық. Сонда да 1993 жылы осында кетті. 23-тегі кезі ғой. Сол кеткеннен 3 ай жүріп алды. Аяғында әкесі ұрсып жүріп шақырып алды. Қазір де жиі келіп тұрады. Балаларымның бәрі қазақша сөйлейді. Екі баламыз Моңғолиядан келген қазақтардың қызына үйленді.

Кейін заман орныққаннан кейін Қытайда қалған туыстарды таптық.1989 жылы соларды іздеп бардық. Әтейхан ағам да екі рет барды. Моңғолияда да туыстарымыз бар. 1990 жылы ол жаққа да бардым. Ол жерде менің нағашыларым бар. Шешем ұзатылып кеткеннен кейін төркінін көрмей кеткен адам екен. Моңғолияда туған бауыры бар екен. Сол кісілерді таптық. Қазір Еңбек деген жерде отырады. Ол кісіге де барып-келіп жүремін. Жақында ғана барып келдім.

Қан деген, қазақтың үні деген тартпай тұрмайды екен. Мысалы, әзірге бізді Түркия өзекке теуіп, кеудеден итеріп жатқан жоқ. Сонда да Қазақстан жаққа елеңдеп тұрамыз. Қазағымыз алға басса екен. Біздікі қазақ сағынышы, ел сағынышы. 2003 жылы алғаш рет Астанаға келгенмін. Мұндай емес еді. Көп өзгеріс бар. Францияға да, Германияға да бардым. Сыртқы келбетін салыстырсақ, соның қай-қайсысынан да қалатын жағымыз жоқ екен. Қазақстанның азаматы болдым. Бір балам осы жерде. Қарағандыда ағайынның баласы бар. Қалған екі ұл, үш қызым Түркияда. Бірде Түркияда, бірде осында жүремін.

-Біраз дүние айтылған сияқты. Біздің қолға үнемі түсе бермейсіз. Басқа айтарыңыз бар ма?

- Мұнда келгендегі айтпағым, Әтейхан ағамыздың аты айтылмай жатқаны. Түркиядағы қазақтар ол кісіні қайтсе де біледі. Бірақ 70 жылдықтың құрметіне өткен жиында есімі аталмапты. Баламның өзі аманат етіп айтып жатыр. Андағы жақтағы тілші, жазушылармен кездесіп, айтсаңыз деген тілек айтты.

Әтейхан ағам мен кедей болсам да, халқым жұтамасын деп өткен адам еді. Біреу ауырса, қиындыққа тап болса, өз жұмысын тастай салып жүгіретін. Бірде тасбике сүйекті Иашар деген бала сырт елде жүріп қайтыс болды. Әке-шешесі қайтыс болған, туыстары ғана бар еді. Сүйекті бір елден екінші елге алдыру оңай шаруа емес қой. Соны Әтейхан ағамыз Месут Йылмаз деген президентке тікелей шығып жүріп, мемлекет есебінен сүйегін алдырды. Сондай еңбегі көш тарихында ескерілуі керек деп ойлаймын.