Ел бірлігі доктринасы - нағыз мемлекеттік деңгейдегі құжатқа айналды

СТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сонымен, былтыр күзден бері қоғам арасында үлкен сөз тудырған, қарама-қайшы пікірді дүниеге келтірген Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы - Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында (Мамырдың 1-і) қабылданып отыр. Бүгінгі күні Президент Әкімшілігінің мақұлдауынан өткен бірлік Доктринасы Үкіметке жолданды. Ендігі кезекте Үкіметтің қарауынан кейін құжаттың одан әрі жүзеге асырылу жолдары да анықталады.
None
None

Әрбір орталық мемлекеттік орган Доктринадағы өздеріне қатысты мәселені толық орындау тетіктерін белгілейді. Сөйтіп, ендігі ел дамуының, халықтың бірлік атты ұранмен дамуының негізгі жолы айқындалды.

Әуелі Доктрина жобасы 2009 жылғы қазанның 26-сында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысымен жалпыхалықтық талқылауға шығарылған болатын. Шындығында, доктрина нағыз жалпы халықтық талқылау сипатынан өтті. Түрлі отырыстар осыған арналды, жан-жақты ұсыныстар түсті. Саяси партиялардан бастап, ұлттық қозғалыстарға дейін өз алдына жобаларын балама түрде ұсынды. Тәуелсіз саяси институттар балама жобаларға қарап баға беретін деңгейге де жетті. Зиялы қауым, қоғам қайраткерлері Доктринаға жеңіл-желпі қарап қалмады. Нәтижесінде билік пен қоғам арасында сындарлы диалог дүниеге келді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, бұған ресми билік тарапынан да бастамашыл топ бойынша да өкілдер қатысты. Атап айтқанда, жұмыс тобына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, қоғам қайраткері Дос Нұр-Ахмет, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов, профессор Владимир Коченов пен заңгер Еңлік Нұрғалиева, тарихшы Георгий Кан, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сарымдар қатысып, төрт айдан астам еңбек етті.

М. Шаханов, А. Әшімов, Д. Исабеков, Қ. Сұлтанов секілді 12 мүшеден, елге белгілі қайраткерлерден тұратын қоғамдық комиссия әлгі жұмыс тобының тігісін жатқызып, пісіп-жетілдірген «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы» жобасының бүгінгі нұсқасын бірауыздан қабылдапты. Нәтижесінде, өздерінің сөзімен айтқанда «қоғам мен биліктің арасындағы келісім көрініс тауып, Ел бірлігі доктринасы - бүкіл қазақстандықтардың жеңісін көрсетті». Тоқтала кететін жайт, «ҚазАқпарат» агенттігі бүгін тұсауы кесілген Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының толық мәтінін таратып отыр. Яғни, үлкен талқылаудан өткен, арнайы құрылған қоғамдық комиссияның бірауыздан қабылдауын алған, кейіннен Президент Әкімшілігі мақұлдаған Доктринамен кез-келген азамат танысып, баға беруіне мүмкіндіктері баршылық. Бұрынғы әзірленген Доктрина мен кейіннен пісіп-жетілген құжат арасындағы айырмашылықтарды да салыстыруға, құрылымдық, ішкі, яки сыртқы сипатты бағыттарындағы өзгешеліктерді аңғаруға мүмкіндік мол. Сондықтан да, бұндай мақсатты жұмысты талғамы биік оқырманның, сарабдал сарапшылардың еншісіне қалдырдық. Дегенмен, Ел бірлігін арқалаған құжаттың тұсаукесерінде сөйленген пікір туралы бір-екі ауыз сөз айтсақ.

«Құжатпен жұмыс барысында алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген «Ел бірлігі доктринасы» мен «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысы әзірлеген «Қазақстан Республикасының Ұлттық саясаты» тұжырымдамасы алдымызға тартылған болатын. Бұдан бөлек «Ел бірлігі» атты Еуразия университеті ғалымдарының дайындаған балама жобасы, «Ақ жол» партиясының ұлттық саясат жөніндегі тұжырымдамасы да болды. Сонымен бірге БАҚ-та көтерілген мәселелер, жекелеген азаматтардың талап-тілектері негізінде 550-ден астам түрлі ұсыныстар келіп түсті. Бұдан басқа, ұлтаралық қатынастар мәселесімен айналысатын сарапшылардың ұсынымдары да тіркелді», дейді қоғамдық комиссия хатшысы Дос Нұр-Ахмет. Оның айтуынша, жұмыс барысында ең алдымен жаңа, өзінің формасы бойынша доктриналдық талаптарға толық жауап бере алатын құжатты әзірлеу мақсаты тұрды. «Төрт айға жалғасқан отырыстарда ымыраласудың жоғары үлгісін көрсеттік, ортақ іске жұмыла білдік. Ешқандай сындарлы пікір шеттеп қалған жоқ, бәрін екшеп, санаға салып бақтық, әлемдік доктриналар сипатын да сараладық. Ең бастысы, осындай еңбектің нәтижесінде жұмыс тобы мүшелері Доктринаға қатысты кез-келген ортада, кез-келген топпен пікірталасқа түсе алатындықтарын, әр бап бойынша жауап беруге әзірліктерін батыл мәлімдей алады. Шындығында да, біз жұмысқа кіріскенде - «мен» болып келіп, «біз» болып тарқастық», дейді Д. Нұр-Ахмет.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дос Көшім мырза, құжаттың бүгінгі қоғамға сай деңгейде екендігін алға тартады. Ия. Бүгінгі қоғам, билік қандай болса, қазір әзірленген Ел бірлігі доктринасы соған әбден лайықты. Оның айтуынша, Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет азаматтық қоғам мен билік біріге отырып өте маңызды, өте күрделі әрі өте қиын мемлекеттік деңгейдегі құжат әзірледі. Мемлекеттік тұрғыдағы ұлттың, ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжатты дүниеге әкелді. «Осы уақытқа дейін іс жүзінде бұндай жағдай болған жоқ, ең қызығы бұл өзінің жақсы нәтижесін бере білді. Демек демократияны тек сөзбен емес, іспен де көрсете алады екенбіз. Доктрина бойынша жұмыс оңайға соқпады, комиссия құрамында түрлі адамдар болды. Дегенмен, соңғы нұсқаны солардың барлығы бірауыздан қабылдады, бұл - шындығында да біздің төккен теріміздің арқасы», - деді Д. Көшім.

Комиссияның тағы бір мүшесі, А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы Айдос Сарым «доктринадағы ұлттық рухты жаңғырту мен дамыту мәселесінің қамтылғанына» жоғары беріп отыр. «Доктринада қамтылған зияткерлік ұлт құру, ұлттық рухты жаңғырту мен дамыту мәселесі аса маңызды мәселе. Расында, бұған дейінгі кезеңде елімізде экономика мәселесі бірінші орында тұрған болса, ендігі күні ұлттық құндылықтар мен рухани дамуды қолдау нағыз қажеттілікке айналып келеді. Бұл аталмыш құжаттан көрініс тапты. Шын мәнінде ұлттың биік мақсат, мұраты болмаса оның алға қарай дамуы да екіталай. Сондықтан да, болашақта кез-келген мәселе бойынша билік өзінің оппоненттерімен бірлесе жұмыстар атқаратын болса, сол арқылы қабылданатын кез-келген құжат жалпы ұлттың мұратынан туындайтын деңгейде болатынына көзім жетті», деді А. Сарым. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының негізгі жаңалығы - біртұтас ұлт болуы мәселесінің жоғары деңгейде қамтылуында жатыр.

«Бұған дейінгі Қазақстанның ұлттық саясаты қоғамда өмір сүріп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың арасында тату-тәттілікті, ең құрығанда қақтығыстарға жол бермеу мәселесін қарастыратын әңгімеге негізделетін еді. Ал бүгінгі доктринада біз ондай кезеңнен өткендігімізді алдыға тартып, енді жаңа сатыға қадам жасау мәселесін көтеріп отырмыз. Яғни, біз шын мәнінде осы кезеңге дейін ешқандай қақтығыс болмасын, ешқандай жік болмасын деп келсек, ендігі күні тұтастай ұлт болайық деген мәселеге назар аударылады. Құжатта мемлекеттік тіл мәселесі де кеңінен қамтылып, бұл - әрбір қазақстандықтың борышы мен міндеті деп атап көрсетілген. Жалпы, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы - «Қазақстан-2030» стратегиясынан кейінгі қабылданып отырған, ауыз толтырып айтуға болатын аса маңызды құжат. Құжат үлкен саяси-философиялық, публицистикалық тілмен жазылған. Менің түсінігімде дәл осы нұсқадағы құжат көптен бері болған жоқ», деді А. Сарым.

Бір сөзбен айтқанда, Доктрина тұсаукесерін өткізушілердің пікірінше құжат осы деңгейдегі құжаттардан талап етілетін барлық стандарттарға толық сәйкес келеді. Ең бастысы Ел бірлігіне арналған құжатты әзірлеуге қатысқан билік өкілдері де, қоғамдық, азаматтық институттар өкілдері де ымыраластықтың туын тіктік деп мәлімдейді. Төңіректегі жағдайлармен салыстыра отырып, бүгінгі биліктің бұл қадамын жоғары бағалаушылар да болды. Бұндай сындарлы диалогқа арқа сүйеген саясаттың одан сайын дамуынан үміттенетіндер де ниеттерін білдірді. Ал ондай өзара диалогтың арқасында халық та ілгері дамитыны айқын. Тоқ етері, кез-келген реформадан, кез-келген әрекеттен ұлт жапа шекпеуі, қайта одан пайда көруі қажет. Ендеше, алдағы уақытта «билік жеңді ме, оппозиция жеңді ме» деген сауалдан гөрі «халық не ұтты» деген мәселеге көбірек маңыз бөлген орынды секілді.

Соңғы жаңалықтар