Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ - С. Оразалы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ». Не ықылым замандар бұрын осы сөзді тауып айтқан Білге қаған бабамыз неткен кемеңгер еді! Тіпті, арыға бармай-ақ, соңғы ширек ғасырда халқымыздың басынан өткен оқиғаларға көз салсақ та оның мәнділігі мен зәрулігіне тәнті боласың.

Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ - С. Оразалы

Бұл туралы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Елбасы шешіміне өз пікірін «Егемен Қазақстан» газеті арқылы білдірген жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы айтты.

Иә, ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ! Бүгінгінің тілімен айтқанда, бұл -тәуелсіз мемлекет аясында топтасу деген сөз. Бұған қоса өзіңді өзің билеу, өз тарихыңды өзің жасап, өз тағдырыңды өзің шешу, атадан қалған мұраға - жерің мен байлығыңа, тілің мен діліңе, өнерің мен дініңе ие болып, адамзат бағыт алған ұлы көште өз бағдарыңды, өз орныңды дұрыс табу. Бұл оңай ма?! Әрине, оңай емес, дүниенің төрт бұрышында болып жатқан дүрбелеңдер мен қантөгістерді көресің де еліңнің амандығына алаңдайсың. Ел басқарған азаматыңның тұғыры биік, тұлғасы зор, кемел ойлы көреген болғанын қалайсың.

Қазір халқымыз тағы да жауапты кезеңде тұр. Алдағы аз уақытта ел Президентін сайлауымыз керек. Бұл - бір кісінің мансап биігіне көтерілуі емес, тұтас халықтың, Қазақ елінің тағдыры безбенге түсті деген сөз. Сондықтан кімді таңдаймыз?! Құдайға шүкір, талай жайсаңдарымыз бар. Бірақ солардың ішінде де Абай айтатын кемел тұлға - Нұрсұлтан Әбішұлы менің көзіме Тәңіртаудың биік шыңындай дара көрінеді. Ол - барлық сыннан өткен, өмірдің дауылы мен жауынына, ыстығы мен суығына шыныққан, мынау беймезгіл заманның сырын ұққан, әлемдік саясатты жасаушылардың қай-қайсысымен де терезесі тең сөйлесетін қайраткер. Осы күндерде ел халқы президенттікке кандидат ретінде ең алдымен Елбасының есімін айтатыны - шығар күндей шындық. Егер Елбасы, өзінің кандидатурасын ұсынушы көпшіліктің тілегін қабыл алса, бәріміз де ұтар едік.

Нұрсұлтан Әбішұлының азаматтық, қайраткерлік қасиеттері туралы көп жазылды. Ол мемлекет басында отырған жылдарда, әрине, көп нәрсені көрді, үйренді, жиренді, достық пен қастықты, мейірбандық пен сатқындықты - бәрі-бәрін көрді. Әр нәрседен түңілген де кезі болған шығар. Бірақ мен тұңғыш тілдескен кезден бүгінге дейін айнымаған бір мінезі - ол достық пен бауырластыққа негізделген ұлы дала заңдарын бойына терең сіңіріп, содан айнымай келе жатқаны.

Қысқа бір дерек айтайын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары болатын. Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың шақыруымен Нұрекең Түркияға тұңғыш ресми сапарымен барарында, қасына бір топ зиялы қауым өкілдерін ертіп алды. Түріктің Анкара, Ізмір, Ыстамбұл қалаларында естен кетпес қабылдауларды көрдік. Солардың бірінде біз отырған үстелге Нұрекең келді. Шерхан Мұртаза бәрімізді таныс­тыра бастады. Камал Смайылов, Қалдарбек Найманбаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, т.б. атымызды атаған сайын Нұрсұлтан Әбішұлы әрқайсымызға бір жы­лы сөз тауып, еңбектерімізді жа­­ңылмай айтып, көңілімізді көте­ріп тастады. Соңынан: «- Жі­гіттер! - деді. - Бұл тәуелсіз мем­лекетіміздің елдігін танытқан тұңғыш тарихи сапар болды. Жақсы аяқталды. Енді осылайша, азат ел екенімізді жер дүниеге жариялап, жалғастыра береміз!». Бәрімізді құшағына алып: - «Бірлігіміз, бауырластығымыз арта берсін. Бірге болайық. Халқымыз сенген азаматтар бір болсақ, тату болсақ, тәуелсіздігіміз баянды болады», деді. Білек пен білек, құшақ пен құшақ айқасты.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында айтылған осы сөздерден ол ешқашан жаңылған емес. Керісінше, оны халықаралық дәрежеге көтерді. Міне, осы тату-тәтті бауырластықтың арқасында туған елін тарих кемесінде аман-есен басқарып келеді. Солай бола беруінің басты кепілі - Елбасының ақбоз атқа қайта қонуы. Ал бұл біздің өз қолымызда.