Ел дамуының жаңа кезеңіне дайындықты заңнамалық қамтамасыз ету Парламент пен Үкіметтің ортақ міндеті

ркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төртінші сайланған ҚР Парламентінің 3-ші сессиясын ашты. Онда Мемлекет басшысы елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуда Парламенттің осы сессиясының алдында тұрған қадау-қадау міндеттерге тоқталды.
None
None

 Жалпы алдыңғы сессияда Парламент пен Үкіметтің қоян-қолтық, өзара түсіністікте жұмыс істеуінің нәтижесінде Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан туындаған күрделі мәселелерді тиімді шеше алды. Дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған жүйелі шаралар, тиісті заңдар мен заңнамалық актілер күйзелісті еңсеруге септігін тигізді, қазынадан бөлінген қаржының діттеген жеріне жетіп, мемлекет мүддесі және халық игілігі үшін жұмсалуына жағдай жасады. Енді мемлекетіміздің алдында күрделі кезеңді еңсеріп қана қоймай, дамудың дағдарыстан кейінгі кезеңіне тиянақты дайындалу міндеті тұр. Бүгінгі сессияның ашылуында Президент: «бұл біздің заңнамамызды салмақты және кешенді жаңалау мен модернизациялауды талап етеді», деп атап көрсетті.

Бұдан біраз бұрын Президент Үкіметтің алдына 2009 жылдың соңына дейін алдағы он жылды екі бес жылдыққа бөліп, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді аяқтауды тапсырған болатын. Сессияның ашылуында осыны еске салған Н. Назарбаев: «Бұл «Қазақстан-2030»  даму стратегиясын орындаудың келесі қадамы болады. Және бізге жаһандық өзгерістер мен үрдістерді ескеру қажет», деді. Осы орайда Елбасы алдағы онжылдықта мемлекет пен қоғамның күш-жігерін бес негізгі бағытқа топтастыру қажеттігін айтты. Олар: экономиканы дағдарыстан кейін қалпына келтіру; экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету; бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру; халықты  базалық әлеуметтік және тұрғын-үй коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету; ұлтаралық келісімді, халықаралық байланыстардың қауіпсіздігін әрі тұрақтылығын қолдау.

Жалпы қазіргі алапат дағдарыстан кейін Қазақстан үшін елді индустриаландыруға балама жоқтығы анық білініп отыр. Мемлекетіміздің алдағы он жылдағы даму бағдары нақ осыған негізделетін болады. Бұлай дейтініміз, бүгінгі сессияда Мемлекет басшысы Үкіметке осы жылдың соңына дейін елімізді индустриализациялауды ынталандырудың бесжылдық жоспарын, 2010-2015 жылдарға арналған индустризациялау картасын және өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың 2020 жылға дейінгі схемасын әзірлеуді аяқтауды тапсырды.

Сөз жоқ,  қандай бағдарламаның болмасын заң қисық болса іске асуы өте қиынға соғады. Сондықтан да Елбасы өз сөзінде «Қазақстан экономикасын индустрияландыру және дамыту жөніндегі барлық шаралар заңнамалық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілуі тиіс», деп шегелеп айтты. Бұл орайда Парламент индустриялық саясат туралы заңды басымдық тәртіпте қарау қажет. Үкімет болса осы заңды шапшаңдатып әзірлеп, Парламентке енгізуі тиіс. Н. Назарбаевтың пайымдауынша, тиімді индустриялық саясат инновацияларға, ең заманауи білімге және технологияларға негізделуі тиіс. Сондықтан да Ғылым туралы жаңа заңды әзірлеп, қабылдау қажет. Онда отандық ғылым саласын дамытудың қағидаттары айқындалуы тиіс.

Елімізді индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамытуда агроөнеркәсіптік кешен бірінші басымдық ретінде айқындалғаны белгілі. Сессияның ашылуында Елбасы көпшілігі ауылдан шыққан халық қалаулыларының назарын агроөнеркәсіптік кешеннің келешегіне аудартты. «Экономикалық басымдықтардың бірі - агроөнеркәсіптік кешенді дамытумен байланысты. Сіздердің қарауларыңызға шаруа қожалықтары (фермерлік) шаруашылықтарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылды. Уақытты созбай, оны қабылдау қажет», деді Н. Назарбев.

Елбасының енді бір шүйілген мәселесі - еліміздің қаржы секторының тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін нығайту болды. Мына дағдарыс тұтастай әлемде, оның ішінде біздің елде де қаржы жүйесінің қолданыстағы модельдерінің кемшіліктерін алақанға салғандай көрсетіп берді. Қазір дүние жүзі «дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесінің құрылысын қалай қалыптастыру қажет» деген мәселемен бас қатыруда. Бұл ретте ылдым-жылдым қимылдаған Қазақстанда қазіргі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша Ұлттық қаржы құрылысының тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны белгілі. Елбасы атап көрсеткеніндей, онда банктік қызмет, валюталық реттеу және бақылау саласындағы заңнамаларды кешенді жетілдіру мәселелері көрініс табатын болады. «Бізге қаржылық бақылаудың рөлін айтарлықтай күшейту, сақтандыру мәселелері бойынша заңнаманы өзгерту, бюджет заңнамасының тиімділігін арттыру қажет. Бюджеттің экономикалық дамудың маңызды көзі болғандығы маңызды. Жалпы еліміздің қаржы жүйесі экономиканы әртараптандыруға, инновациялық өнеркәсіптік өсімге жұмыс істеуі тиіс. Бұл оны бағалаудың басты критерийі болады», деп атап көрсетті Президент. Президент қазақстандық банк жүйесінің бүкіл коммерциялық, қаржылық және валюталық тәуекелдерді рұқсат етілген шекте ұстап тұруы аса маңызды екенін де атап көрсетті. «Экономика ішкі ресурстардың өсімін екпіндете алуы үшін салымдардың барынша жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажет. Үкімет, ұлттық холдингтер мемлекеттік бюджеттің шығыстарын қысқартып, облигацияларды шығару арқылы отандық қаржы нарығынан алатын қаржыны барынша пайдалануы қажет», деді Елбасы.

Жалпы Қазақстанның қаржы дағдарысын соншалықты қиналмай еңсеруіне жылдар бойы Ұлттық қорда жиналған қаржы көп көмектесті. Ашығын айту қажет. бұл Қазақстанның экономикалық саясатындағы ең ұтқан тұсы болды. Дейтұрғанмен, әлемдік экономиканың даму тәжірибесі ол біресе қарқындап, біресе құлдырап отыратынын көрсетіп берді. Сондықтан біз келешекте қайталануы ықтимал дағдарысқа қазірден бастап дайын болуымыз қажет. Ол үшін елімізді индустрияландыруға екпін салынып жатыр. Сонымен бір мезгілде Ұлттық қорға қажетті қаржыны жинауды естен шығармаған абзал. Сессияда Президент: «Біз үшін Ұлттық қорда  шикізаттық сектордан түсетін кірістің үлкен бөлігін сақтау маңызды. Енді 10 жылдан кейін Ұлттық қор активтерінің көлемі Ішкі жалы өнімнің кем дегенде 30 пайызын құрауы тиіс», деп атап көрсетті. - Сондай-ақ еліміздің жалпы сыртқы қарызын жауаптылықпен басқару қажет. Антициклдік фискалдық саясатқа көшу мүмкіндігін қарастыру керек.  Бұл экономика өскен кезде мемлекеттің шығындарын қысқарту және құлдырау кезінде оны өсіру дегенді білдіреді.

Енді бір сәт Елбасы депутаттардың, Үкімет мүшелерінің көңілін Қазақстандағы іскерлік ахуалды және кәсіпкерлік белсенділікті түбегейлі жақсарту қажеттігіне аударды. Елбасының айтуынша, нарықтық тәсілдер мен мемлекеттік реттеу арасында оңтайлы теңгерімді табу маңызды. Мемлекеттік механизмдер нарықтық қағидаттарды жүйелі күшейтіп, толықтыруы тиіс. Осы орайда қазір іскерлік ахуалды жақсарту және отандық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа жүйелі шаралар айрықша қежет. «Бақылау және қадағалау қызметі туралы заң жобасын қарастыру аясында кәсіпкерлікті тексеру жүйесін оңтайландыру қажет. Біз бұл тақырыпты бұрыннан және ұзақ қажап келеміз. Тексеруші органдар шағын және орта бизнеске тізесін батырмасы үшін осының барлығын бір заңға сыйдырып, ретке келтіру қажет», деді Н. Назарбаев.

Дағдарыстың бір дұрыс жері экономикаға қажетті дүниелерді өзімізде шығаруға ден қоюға мәжбүрледі. Келешекте импорттың орнын алмастыру үшін қазіргі таңда мемлекеттік және корпоративтік сатып алулардағы қазақстандық мөлшерді ұлғайтуға баса назар аударыла бастады. Сессияда Елбасы бұл жұмысты жалғастыру қажеттігін қадап айтып, Үкіметке ағымдағы жылғы қарашаның 1-іне дейін  мемлекеттік және корпоративтік сатып алулардағы қазақстандық мөлшерді ұлғайту жөніндегі заң жобасын енгізуді және бұл жұмыспен заңды түрде шұғылдану үшін Парламентке оны жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Елбасы Парламенттің осы сессиясында әлеуметтік саланы белсенді дамытуға айрықша көңіл бөлінуі тиістігін айты. Бұл үшін депутаттар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге, Білім туралы заңға түзетулер енгізуі тиіс. Сонымен қатар, халық қалаулылары шеттегі қандастарымызды елге біржолата әкелу үшін әзірленген «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатынын қаперлерінде ұстағаны жөн. Бұған қоса, депутаттық корпус ауылда жұмыс істейтін жас мамандарға көмек көрсетудің жоспарланған шараларын қолдау қажет. Бұл қандай шаралар? Елбасының айтуынша, ең алдымен 2010 жылдан бастап ауылдағы жас мамандар тұрғын үй алуы үшін оларға нөлдік ставкада бюджеттік несиелерді төлеу қажет. Ауылды жерлерге қоныс аударған жас мамандарға  осы жылдан бастап көтерме жәрдемақылар төленіп жатыр екен. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 14,3 млрд. теңге бөлінетін болады.

Дағдарыс кезенде Қазақстандағы жұмысыздық деңгейінің белең алмауына «Жол картасы» бағдарламасы орасан зор үлес қосқаны белгілі. Бұл бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, мемлекет оны алдағы жылда да жүзеге асыруды жалғастыруға құлықты. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет жобасымен жұмыс кезінде Парламент «Жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі шараларды одан әрі қаржыландыруды қарастыратын болады. Бұдан бөлек, Президент атап көрсеткеніндей, Парламенттің осы сессиясындағы жұмыста әкімшілік және құқықтық реформаны қамтамасыз ету, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру шешуші басымдықтардың бірі болуы тиіс. «Заңнамада нәсілдік, ұлттық және діни сенім-нанымдық айырмашылығына қарамастан, Қазақстан азаматтарының тең құқығын қамтамасыз ететін, адамның құқығы мен бостандығын қорғау нормаларын заңнамада бекіту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыруды маңызды деп санаймын. Қоғам үшін гендерлік теңдік туралы заңнаманы - тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ескерту және алдын-алу туралы заңдарды әзірлеп, бекітудің зор маңызы бар», - деді Н. Назарбаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда  құқықтық саясаттың жаңа тұжырымдамасы жасалғаны белгілі. Елбасының айтуынша, оның ережелерінің негізінде Қазақстан заңнамасын жаңарту, заң шығару үдерісін бекіту, оның сапасын көтеру қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы  Үкіметке бірінші кезекте заңға және заңға бағынышты актілерге ғылыми, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау жөніндегі, лобби қызметі туралы, электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін кең көлемде пайдалану жөніндегі заң жобаларын жасап, Парламентке енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, осы сессияда Парламент Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодекстің жобасын және Әкімшілік процессуалдық кодексті қарауы қажет.  Бұлар әкімшілік құқық бұзкшылықты қараудың барлық процедураларының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сынымен қатар, ағымдағы сессияда құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, қылмыспен және жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заң жобалары қабылдануы қажет. Бұған қоса Мемлекет басшысы  Парламент барлық мемлекеттік органдармен бірге Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық функциясын орындауына белсене қатысуы қажеттігін, бізге заң шығару үдерісінің сапасын көтеріп, оны еуропалық стандарттарға жақындастырумыз керектігін айта келе: «Еліміз дамуының жаңа кезеңіне дайындықты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету біздің ортақ міндетіміз», деп қадап айтты. Ал, атқарушы билікке Президент әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысында халық санағының нәтижесін міндетті түрде ескеруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум