Ел экономикасы өсіп, инфляция баяулады, теңге нығайды – Үкімет отырысында қандай мәселелер көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында еліміздің қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Аталған мәселе бойынша Ұлттық экономика, Қаржы министрлері мен Ұлттық банк төрағасының орынбасары баяндама жасап, негізгі көрсеткіштер жайында есеп берді.

Ел экономикасы өсіп, инфляция баяулады, теңге нығайды – Үкімет отырысында қандай мәселелер көтерілді

Экономика өсімі – 4,8 пайыз

Бірінші болып сөз алған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың дерегінше, 8 айда ел экономикасы 4,8 пайызға өсті. Оның ішінде нақты сектор – 4,6, ал қызмет көрсету саласы 4,7 пайызға артты. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсім қарқыны 12,4 пайызды құрады. «Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 57,7, білім беруде – 24,3, саудада – 22,6, ауыл шаруашылығында – 21,3, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 8,4 пайызға ұлғайды.

«2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,3 пайызға өсіп, 67,2 млрд доллар болды. Экспорт 38 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 29,3 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 8,7 млрд долларға тең», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2 пайызға ұлғайды. 17 өңірде өсім бар, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарындағы жоғары көрсеткіш Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды. 7 айда 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында тіркеліп отыр.

«Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,6 пайызға ұлғайды. 16 өңірде саладағы оң өзгеріс анықталды. Ең жоғары өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіш бойынша өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.

Сөз соңында министр экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету, экспорттың өсуін қалпына келтіру үшін қосымша шаралар қабылдау және баламалы бағыттарды тиімді пайдалану, белсенді түрде инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді игеру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуін болдырмау бойынша іс-шаралар қабылдау және тұрақты мониторинг жүргізу, тұрақты және уақытша жұмыспен қамту іс-шараларын қолдау арқылы еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету іс-шараларына назар аударуы тиістігін баса айтты.

Фото: primeminister.kz

Теңге нығайып келеді

«Қазақстандағы инфляция шілде айында жылдық мәнде 14,0 пайызға төмендеді. Азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғарғы 26,2 пайыздан 13,5 пайызға дейін жылдық мәнде екі еседей баяулады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция мен сервистік инфляция 15,0 пайызға және 13,6 пайызға бәсеңдеді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі – жылдық 16,75 пайыз. Кезекті шешім осы жылдың 25 тамызында қабылданады», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

Оның атап өтуінше, шілде айының соңында теңге бағамы 1 доллар үшін 445,89 теңгеге дейін немесе қаңтар-шілде айларында 3,6 пайызға нығайды. Шілде айында теңгенің 1,4 пайызға нығаюына мұнай бағасының өсуі, бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялауы себеп болды. Шілде айының өзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышына шамамен 100 млрд теңге қаражат салынды. Республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан шілде айында 591 млн долларға валюта сату да теңгеге қолдау көрсетті. Валютаны міндетті сату үлесі 1 шілдеден бастап 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетілгеннен кейін квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату үлесі шілде айында 195 млн доллар болды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюта сатып алуы шілде айында 240 млн долларды құрады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін 15 пайызға дейін біртіндеп көтеруді жоспарлап отырғанын атап өтейін. Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенциялар жүргізбейді», - деді Виталий Тутушкин.

ҰБ төрағасы орынбасарының айтуынша, халықаралық резервтер шілде айының соңында 94,4 млрд доллар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері шілде айында 34,2 млрд долларға дейін 0,8 пайызға төмендеді. Ұлттық қордың активтері 60,2 млрд долларға дейін 0,7 пайызға ұлғайды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,4 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың 4,1 млрд долларға валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат – 2,7 трлн теңге.

Игерілмеген қаражаттың ең ірі сомасы 5 облыс пен 5 министрлікке тиесілі

«Осы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңгеден аса кіріс түсті немесе жоспар 98,2 пайыз орындалды. Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3 пайыз орындалды. Атқарылмаған бөлігі – 732 млрд теңге. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», - деді министр Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның атап өтуінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24 пайызға немесе 135 млрд теңгеге азаюымен байланысты болған. Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13 пайыз төмендеуімен байланысты болды.

«Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері: тау-кен өндіру өнеркәсібінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 15 пайыз немесе 2,5 трлн теңге төмендеуі; Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 4,2 пайыз азаюы. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15 пайыз төмендеуі әсер етті», - деді ол.

Министрдің дерегінше, республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың ең ірі сомасын 5 министрлік пен 5 облыс игере алмаған. Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Оқу-ағарту министрліктері игере алмаған қаражат 78 млрд теңгені құрайды. Ал Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстары игере алмаған қаражат сомасы – 23 млрд теңге.

Премьер-Министр Үкімет мүшелері тапсырма берді

Көтерілген мәселеге қатысты түйін сөз айтқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов әлемдегі күрделі геосаяси ахуал экономикаға кері әсерін тигізіп отырғанын айта келе министрлер мен облыс әкімдерінің назарын бірқатар мәселеге аударды.

«Бірінші. Экономиканың өсуін ынталандыру үшін жүйелі түрде пәрменді шаралар қабылдау қажет. Экономиканы әртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан әрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек. Барлық министрлер мен әкімдерден үйлесімді жұмыс жүргізу тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Екіншінден, ол баға өсімін ұстап тұру Үкімет үшін басым міндет болып қала беретіндігін баса айтты. Оның атап өтуінше, елдегі инфляция осы жылдың ақпанынан бастап біртіндеп баяулап келеді. Қабылданған іс-шаралардың арқасында жылдық мәнде 14 пайызға дейін баяулады. Дегенмен осы жылдың соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету қажет. Бұл ретте инфляцияға азық-түлік тауларларының негізгі үлес қосатынын ескере отырып, алдын алу іс-шараларын дер уақытында қабылдауға айрықша назар аударған жөн.

Фото: primeminister.kz

«Ол үшін барлық қажетті құрал бар. Олар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрініс тапқан. Өңір әкімдері мен бейінді министрліктер аталған құжатта жоспарланған барлық іс-шараларды сапалы орындауы тиіс. Тауар бағасын қалыптастырудың барлық тізбегі бойынша делдалдық сызбаны анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе әкімдердің үнемі бақылауында болуы қажет. Өңір басшылары бұл үшін дербес жауапкершілік арқалайды», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, үшіншіден, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету жұмысын күшейту қажет. Жекешелендірудің кешенді жоспары аясындағы іс-шараларды тиісті жол карталарына сәйкес бұлжытпай орындау керек. Сондай-ақ жекешелендіру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері жылдың соңына дейін қаражаттың сапалы әрі толық игерілуін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін барлық министрлер мен әкімдер тікелей жауапты болады.

«Төртінші. шілде айында алдағы 3 жылға арналған Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары жаңартылды. Заңсыз бизнестің үлесін азайту – ол бюджетке түсетін қосымша табыс көзі екенін түсінуіміз керек. Көлеңкелі экономиканы азайтудың негізгі жолы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін жаппай цифрландыру және интеграциялау болып саналады. Бұл жұмысты күшейтіп, жоспарланған барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету керек. Цифрлық даму министрлігі осы мәселені бақылауда ұстауы тиіс», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы тағы бір өзекті мәселе – бюджет есебінен қаржылдандыруы қарастырылған барлық іс-шараларды уақытылы іске асыру екендігін айтты.

«Сондықтан, бюджеттік бағдарлама әкімшілері жылдың соңына дейін қаражаттың сапалы әрі толық игерілуін қамтамасыз етуі қажет. Бұл үшін барлық министрлер мен әкімдер тікелей жауапты болады», - деді Әлихан Смайылов.