Ел құрамасының қоржынында әзірге 25 жолдама бар - Елсияр Қанағатов

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Олимпия ойындарына дайындық штабы кезекті отырысын өткізіп, 2024 жылы Парижде өтетін ойындарға дайындық барысын талқылап, министрлікке қарасты мекелемелермен кеңейтілген жиынын өткізді.

Парижге жолдама
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

Аталған жиынға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов және аталған штабтың басшысы Елсияр Қанағатов қатысты. 

Жиын барысында бірқатар мәселе талқыға түсті. Атап айтсақ, Париж Олимпиадасына жолдамалар санын барынша ұлғайту, жолдама алған спортшылардың төрт жылдықтың басты додасына дайындалуына ерекше жағдай жасау, спорттық медицина, ұлттық құраманың спорттық формаларын дайындау барысы талқыланды. 

Өз кезегінде аталған штаб басшысы Елсияр Қанағатов соңғы күндері жолдамаға таласқан спортшыларымыздың жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін баса айтты.

«Бокстан Италияда өткен лицензиялық турнирде қазақстандық былғары қолғап шеберлері өте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Біз 3-4 жолдама аламыз деп жоспарлаған едік. Өздеріңіз көргендей, 6 боксшы барып, 5 жолдамаға қол жеткізді. Бұл - үлкен көрсеткіш. Міне, бүгін қытайдың Тайань қаласында таеквондодан өтіп жатқан лицензиялық турнирде тағы бір отандасымыз Батырхан Төлеуғали Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Жолдамалар саны бұнымен тоқтамайды», - деп атап өтті Елсияр Қанағатов.

Сонымен қатар өз кезегінде Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев Олимпиада ойындарының басталуына 134 күн ғана қалғанын айта келе еліміздің барлық өңірінде сәуір айында спортшыларымызды қолдау мақсатында «Олимпиадаға 100 күн» аясында бұқаралық спорттан жарыс, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатыны туралы атап өтті.

«Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге Париж Олимпиадасына 25 жолдама бар. Спортшыларымыз жалпы 90-ға жуық жолдамаға иелік етеді деп жоспарлап отырмыз. Барлығын уақыт көрсетеді. Сондай-ақ жүлдеге үміткер 54 спортшыдан тұратын тізім жасақталды. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, арнайы жоспармен дайындалады. Олимпиада алдындағы тестілік жарыстарға қатысу да маңызды екені тілге тиек етілді. Әр спорт түрінің жарыс кестесіне сәйкес, командалардың Парижге ұшып бару уақыты бекітілетін болды», - деді Серік Жараспаев.

Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар