Ел өңірлерінде көлік жуу қызметінің құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қалаларында автожуу қызметінің бағасы өңірге, көліктің түріне және қызмет көрсету деңгейіне қарай әртүрлі. Жалпы, жеңіл көлікті жуу құны шамамен 2 700-6 500 теңге аралығында құбылады, ал кроссоверлер үшін 3 500-9 000 теңге аралығында төлейсіз. 

Қазақстанның әр өңірінде көлік жуу қызметінің құны қанша
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana/ Canva

Ірі қалаларда баға орташа деңгейде: Алматы мен Астанада жеңіл көлікті жуу – 3 000-6 500 теңге, кроссоверлерді жуу – 4 000-7 500 теңге аралығында. Мұндай қалаларда көбіне кешенді қызмет ұсынылады: сыртын жуу, салонды тазалау және кейде қорғаушы қаптама (wax/coating).

Шағын қалаларда немесе кей өңірлерде баға сәл төмен. Мысалы, Павлодар мен Жезқазғанда жеңіл көлікті жуу 2 000-2 700 теңгеден басталады, ал Қарағандыда кей жерлерде кроссоверді жуу құны 9 000 теңгеге дейін жетеді. Бұл айырмашылық көбіне қызмет сапасына, қолданылатын құралдарға және автожуудың орналасқан жеріне байланысты. 

автомойка
Инфографика: Kazinform

Қазақстандағы автожуу нарығында қызықты тенденциялар байқалып отыр. Кейінгі жылдары өзін-өзі қызмет көрсететін автожуулар (self-service) көбейіп келеді. Оларда жүргізуші көлігін өзі жуып, қызмет құнын үнемдей алады. Сонымен қатар кейбір автожуулар үш фазалы жуу технологиясын қолданады: көлік алдымен көбікпен өңделеді, кейін шампуньмен жуылады және қорғаныш қабатымен жабылады. Мұндай қызметтің бағасы қарапайым жуудан қымбатырақ, бірақ көліктің сыртқы тазалығын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. 

Автожуу әкімшісінің айтуынша, әсіресе көктемде, наурыз-сәуір айларында көлік саны көбейеді, кейде кезек 2-3 сағатқа дейін созылады. Қыста автожууға келушілер аз болады, сондықтан кезек қысқарады. 

Яғни, автожуу қызметінің сұранысы жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Сонымен қатар бағаға көліктің көлемі, қызмет көрсету деңгейі, қолданылатын химиялық құралдар және қаланың инфрақұрылымы да әсер етеді. 

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда өзіңізбен бірге алып жүретін кофе бағасы қанша екені жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар