Ел шежіресіндегі алғашқы дінбасымыз Жәдікұлы Мүсірәлі қазіретті ұрпағы ескерусіз қалдырмаса игі
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Қылышбай Бисенов осылай мәлім етті.
«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қайта жазылып жатқан тәуелсіз еліміздің тарихын қалыптастырудағы өзіндік орны бар жеке тұлғаларды ел есінде қалдыру мақсатымен республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы нақтылы шараларды іске асыра бастағанын көріп отырмыз. Бұл - халқымыз үшін, келешек ұрпақ үшін жасалып отырған баға жетпес маңызды шара. Осы орайда қазақ хандығын қалыптастыру кезінде аса маңызды діни ағартушылық және қоғамдық қайраткерлік қызмет атқарған, ел ертеңін елден бұрын көре білген көріпкел-пірәдар, тарихта Тәуке ханның «Жеті жарғысы» атанған алғашқы «Ата Заңға» мұсылманшылық қағидаларын дала дәстүріне бейімдеп ендірген тұңғыш заңгер-хазіретіміз, ел шежіресіндегі алғашқы дінбасымыз Жәдікұлы пір Мүсірәлі сопы әзіз», - дейді Қ. Бисенов. Оның айтуынша, 1639 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қызылқұм беткейінде дүниеге келген. Мүсірәлі Жәдікұлы заманында мұсылманша білім алған, өмір бойы исламның құндылықтарын дәріптеп өткен жан. «Мүсірәлі сопының елдігімізге, халықтың бірлігін сақтауға, ислам дініне сіңірген еңбегі өз дәрежесінде бағаланса нұр үстіне нұр болар еді. Оның өмір жолы - Қазақ елі тарихының бір бөлігі болса да, тұлға есімін ел есінде қалдыру үшін елеп-ескеріп ұлықтау күні бүгінге дейін мемлекет назарынан тыс қалып отыр. Соның нақтылы дәлелі 2009 жылы республика көлемінде аталып өтуге тиісті 370 жылдығы да ескерусіз қалды. Бұл - еліміз үшін үлкен сын, тарихымыз үшін қиянат. «Мүсірәлі 40 жасында қазақ пірлігіне сайланып, 39 жыл әз Тәукеден Абылай ханға дейін тапжылмай қазақтың бас уәзірі дәрежесінде қызмет атқарған, алғашқы қазақ хандығы тұсындағы ұлы тұлға. Ол тұңғыш сайланған Пір және ол дүниеден өткен соң, жалпықазақтық пір сайланбаған. Хазірет 1721 жылы күзде 82 жасында өмірден өтіп, тіршілігінде өзінің жебеуші пірі болған Созақтағы Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына жерленген. Ұлы ойшыл, көріпкел, алғыр, құдіретті іс-әрекетімен «Жеті өлікке жан берген Мүсірәлі» атанып, халықтың шексіз құрметіне, сеніміне бөленген. Осыларға байланысты алғашқы қазақ хандығы тұсында Ұлы тұлға Пір Мүсірәлі сопы әзіздің халқы, елі үшін атқарған зор еңбегін бағалап көтеру, ұлықтау, есімін тарихта қалдыру шараларын қарастырсақ игі», - деді депутат.