Ел Үкіметі жекешелендірудің екінші толқынын бастамақ - баспасөзге шолу

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Ел Үкіметі жекешелендірудің екінші толқынын бастамақ - баспасөзге шолу

***

Бүгінгі таңда Қазақстанда 1777 таза орыс мектебі бар болса, аралас мектептер саны 2068 көрінеді. Бұл дегеніміз 3845 мектеп таза орыс тілінде оқытылады дегенді айғақтайды. Таза қазақ мектептерінің санына келер болсақ, 3750 айналасында ғана. Оның өзіне ауылдағы бала саны аз мектептер де кіреді. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Аралас мектептерді азайтқан жөн» деген мақалада айтылады.

Газеттің жазуынша, елорданың өзіндегі 61 мектептің 16-сы орыс, 19-ы қазақ, 26-сы аралас мектептер.

Автор мақалада аралас мектептің шығу тарихы туралы сөз қозғап, олардың болашақ ұрпақтың дүбара болып өсуіне ықпал ететінін тілге тиек етеді.

Алматы облысы, Есік қаласы маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбының ойын тастары табылған. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалған. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін Үйсін мемлекеті дәуірімен сәйкестендірген, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Қазақтың хан дойбысы» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, ойынның ерекшелігі, мұнда қазақ хандығының демократиялық билік жүйесі ойын түрінде көрсетілген.

Қазақ ұғымында дойбы ойыны текті және тексіз болып екіге бөлінеді. Тексіз дойбы - өзіміздің күнде ойнап жүрген кәдімгі қарапайым ойын. Мұнда қай тас бірінші болып межеге жетсе, сол би бола алады. Дәл осы ойыннан қарап отырсаңыз, ешқандай да тектілік байқалмайды. Кім мықты болса, сол ел басқарады деген сөз. Ал текті дойбы дегеніміз - хан дойбысы. Оның жеке ханы, биі, бегі, алаша халқы болады. Тентегі мен қарашасы тағы бар.

Хан дойбысы - білген адамға сыры мен қыры терең, құны өлшеусіз, философиялық мәні зор, болашағы баянды, ата-бабаларымыздан қалған таптырмас мол мұраның бірі болып саналады.

***

Қытайдың Үрімші қаласындағы қазақтар мен «Қазақфильм» киностудиясы бірігіп, Абайдың балалық шағына арналған 3D форматындағы көпсериялы мультфильм түсіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында хабарланды.

Қазақтың дара ақыны Абайдың балалық шағы жас жеткіншектерге үлгі болары сөзсіз. Абайдың даналығын балалардың бойына сіңіріп, тәрбиесіне ықпал ету мақсатында түсірілетін мультфильмнің әр бөлімі 13 минуттан тұрады, әрі 104 серияны қамтиды. Абайдың өмірін өзгелерге өнеге ету мақсатында мультфильм қазақ, қытай, орыс, ұйғыр тілдерінде шығарылып, бірнеше шеттілдерге аударылады.

«Абай жолы» анимациялық компаниясының директоры Ғұсман Қажытайдың айтуынша, Абайдың идеясы - бүкіл адамзаттың идеясы. Бала - болашақ. Егер балалар Абайдың балалық шағын біліп, ер жететін болса, болашақта Абайдың кім екенін, Абай идеясының қандай екенін, қазақтың кім екенін біле алады.

Қазақстан Көшбасшысы отандық кәсіпкерлікті «жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші» деп жариялады. Осыған орай еліміздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі Стратегиясында кәсіпкерлік үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойылып отыр. Бұл туралы «Айқын» газетінің «Ел Үкіметі жекешелендірудің екінші толқынын бастамақ» атты мақаласында айтылады.

Өңірлік даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 17,5 пайызды құрайды. Елбасы белгілеген биік межеге қол жеткізу үшін ел Үкіметі ұлттық бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын күшейтпек.

«Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс, - делінген «Қазақстан - 2050» Стратегиясында. - Біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек. Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен».

Мұның барлығы экономиканың қуатын еселейтін міндеттер, сол арқылы тұтас халықтың бақуатты өмір сүруін көздейтін бағыттар. Сондықтан мемлекет осы жолда бар күшін тас-түйін жұмылдырғалы отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, дамыған елдерде шағын және орта бизнес секторында экономикалық белсенді тұрғындардың жартысынан астамы еңбек етеді екен. Жапонияда 2004 жылы-ақ бұл көрсеткіш 88%-ға, ал АҚШ-та 50,4%-ға жетіпті. Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтындардың үлесі 32%-ға жақындап келді. «Яғни, біздің еліміздің әрбір үшінші ересек азаматы таңертең тұрып, жеке кәсіпкерге жұмыс істеуге барады. Оның жеке бизнесін көтеру үшін» дейді Л.Ибрагимова. Мемлекет бұл адамдарға өз ісін бастауға мол мүмкіндік, кең өріс ашуда. Тіпті «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы да енді осы мақсатқа бағдарланатын болады.

Басылымның жазуынша, ел Үкіметі жекешелендірудің екінші толқынын әзірлеуге тиісті. «Бүгінде бұл мәселе Үкімет деңгейінде пысықталуда. Сол басталған тұста, оған өзіміздің отандық бизнес дайын отыруы керек. Сондықтан біз кәсіпкерлік құрылымдарды оқыту үшін жұмыс жүргізудеміз. Осы орайда кәсіпкерлеріміз әлемдегі озық елдерде тағылымдамадан өтуде. Бұл іске «Назарбаев Университеті» де тартылған. Елімізде ертеректе өткен жекешелендірудің бірінші толқынының бір қателігі - оған қазақстандық бизнестің дайын болмауы және толық түсінбеуі еді. Ал енді біз кәсіпкерлерімізге экономиканың қандай секторларында жекешелендіру жүретіндігі, нақты қандай объектілерді мемлекеттің бәсекелестік ортаға тапсыратыны, осыған байланысты олардың қандай бағыттарда өз білік-білімдерін жетілдіруге тиістігі жөнінде жол сілтеп, жөн-жоба көрсетпекпіз, - дейді Өңірлік даму вице-министрі Қ.Өскенбаев.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енгізілетін өзгерістердің «4-пакеті» Үкіметтің қарауына биылғы қазан айында шығарылатын болды.

Өңірлік даму министрлігі бағдарламаға өзгерістердің 4-пакеті қабылданғанға дейін барлық өңір әкімдеріне «жаңа жобаларды қарауды тоқтата тұруды» тапсыруды сұрап, Үкіметке жүгінді. Бұл аймақ басшыларының ескі, әсіресе, ірі бизнес үшін тиімді әрі қолайлы шарттар бойынша «жаңа жобаларды қабылдап қоюының алдын алу үшін» жасалып отыр.