Елбасы «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінде инновациялар бойынша кеңес өткізеді
АЛМАТЫ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары барысында «Алатау» ақпараттық технологиялар паркін (АТП) аралап, онда инновациялар бойынша кеңес өткізеді.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметінен хабарланды.
ҚР Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен қала маңындағы Алатау кентінде «Алатау» АТП құрылды. Ол ҚР Индустрия және сауда министрлігі «Alatau IT-City» ««Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ дирекциясы» ММ мәртебесіне ие. Парк Алматы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Оның аумағы 343 гектарды құрайды, жердің бір бөлігі - Алматыға, екінші бөлігі Алматы облысына тиесілі.
«Alatau IT-City» мақсаты - Қазақстанда IT-бизнесті қарқынды түрде дамытуға негіз қалау. Бұл - парктің аумағында қызмет ететін барлық ақпараттық және телекоммуникациялық компаниялар үшін жеңілдетілген салықтық және кедендік тәртібі бар арнайы экономикалық аймақ.