Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы Алматы облысындағы «Хюндай-автотранс» кәсіпорнының жұмысымен танысты

  АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ.  23 тамыз. ҚазАқпарат -  Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы, Талғар ауданы, Колхозшы ауылындағы «Хюндай-автотранс» автоқұрастыру кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Елбасы Алматы облысындағы «Хюндай-автотранс» кәсіпорнының жұмысымен танысты

2011 жылдың қаңтар айында іргетасы қаланған өндіріс орны мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылып отыр.

Өндіріс орны 1,5 жылдың ішінде 600-ге жуық жүк көлігін шығарып, оның 50 пайызға жуығын Кеден одағы елдері мен Орталық Азия мемлекеттеріне экспорттады. Жобалық қуаты 10 мың автокөлікті құрайтын өндіріс орны 2015 жылы осы межеге жетуді жоспарлап отыр.

«Ең алғашқы көліктерді біз Беларусь еліне экспорттадық. Қазіргі таңда бұл елге айына 50 жүк көлігін экспорттап отырмыз. Олар 5 тоннаға дейін жүк көтеретін жеңіл жүк көліктері. Тамыз айында біз сондай-ақ ауыр жүк көліктерін де экспорттауға қол жеткіздік», - деді кәсіпорынның директоры Шалқар Нұртілеуов.

Оның айтуынша, бизнес жоспар бойынша тамыз айында өндіріс орнының  екінші даму кезеңі басталды. Қазіргі таңда  мұнда бірден 10 тоннаға дейін жүк көтеретін 12-14 түрлі жүк көліктерінің модельдері, сондай-ақ 2 түрлі автобустар шығарылуда.  Қалалық және қалааралық жолаушылар тасымалдауға арналған бұл автобустар Қазақстанда толыққанды өндіріліп отырған көліктер деп айтуға болады.

Мәселен, жүк көліктері ірі бөлшекте құрастыру технологиясымен, ал  автобустар SKD4 технологиясы бойынша құрастырылуда. Автобустардың шанағы толық боялып, орындықтары мен кейбір қосалқы бөлшектері және қондырғылары Қазақстанда өндірілген.

Шалқар Әбуғалиұлының айтуынша, өндіріс орны Қазақстанда өндірілетін құрал-жабдықтар мен қондырғылардың үлесін алдағы уақытта да ұлғайтуға мүдделі.  Мәселен, бұрын Шымкент қаласында көлік дөңгелектері шығарылып келген болатын. Егер өндіріс орны өз жұмысын қайтадан жандандыратын болса, мұндай автокөлік құрастыру кәсіпорны олармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.