Елбасы Алматы облысының жай-күйімен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарын Талдықорған қаласы әуе қақпасының жағдайымен танысудан бастады.

Елбасы Алматы облысының жай-күйімен танысты

Елбасына әуежай мен аэровокзал ғимараттарын қайта жөндеу жұмыстары және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту барысы туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы бұдан кейін ауыл шаруашылығы дақылдары мен бау-бақша өнімдерінің түр-түрін өсіріп, гектар берекесін арттыруға тамылжыған ауа райының өзі үлкен демеу болатын Жетісу өңірінің жер баптаған еңбеккерлерімен кездесіп, қызылша және майбұршақ егістіктеріндегі жұмыс барысымен танысты. Соңғы жылдары өңірдің қызылша шаруашылығындағы жетекшілік рөлін қайта жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынған болатын. Елбасына осы ретте жергілікті аграршылардың жетістігі Ескелді ауданында орналасқан «Нам Г.Н.» шаруа қожалығының жұмысы арқылы ұсынылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптауға маманданған кәсіпорынның жұмысымен танысқан мемлекет басшысына облыстың агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері және қант қызылшасы өндірісін дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
  Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров осыдан екі жыл бұрын айтылған нақты тапсырмаларды іске асыру барысы туралы айтып берді. Қазіргі күні өңірдегі қант қызылшасы егістігінің алқабы 2500 гектарды құрайды. Биыл егін бітік, гектар шығымдылығы жақсы болмақ. Облыста қант қызылшасын жинау енді басталғанын хабарлаған әкім орынбасарының айтуынша, алғашқы нәтижелер көңіл қуантарлықтай. Бір түптен алынған өнім 6,5-7 келіден айналуда. Бұл облыс аграршылары гектардан 700 центнерден астам өнім жинайды деген сөз. Былтыр тоқтап тұрған Көксу қант зауыты инвесторлардың арқасында қайта іске қосылып, қазір жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Нұрсұлтан Назарбаев өңір ноу-хауы - электронды жер картасымен танысты. Оның көмегі арқылы әрбір қазақстандық өңірдегі егістік алқаптарының жағдайымен таныса алады. Бұл шаруа қожалықтарының өз қарамағындағы егістік жерлер мен жайылым, шабындықтарды пайдалану тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіптік кешен басшыларымен кездесті. Өңірдің жетекші фермерлері мен аграршылары Мемлекет басшысына өз жетістіктері жайлы айтып берді.

-  Алматы облысы қант қызылшасы, жүгері мен алмасы арқылы  кеңінен танымал болып келген, -  деп атап өтті  Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында. -  Сондықтан осы дақылдарды егу алаңын арттырып қана қоймай, сапасына да баса ден қою қажет. Республикада отандық қанттың үлесі небәрі 10 пайызды құрайды, бұл көрсеткішті ұлғайтып, Көксу, Ескелді қант зауыттарын жаңғыртуды жалғастырып, Ақсу ауданында  қайта жөндеу жұмыстарын бастау керек.

Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялауға деген көзқарастың өзгергенін атап өтті.

- Менің шаруаларға айтып жүрген ой-пікі­рімнің барлығының негізгі түйіні - еңбек өнім­ділігін субсидиялау қажеттігі. Яғни қаражат дайын өнім өндірісі үшін бөлінетін болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өңдеу кәсіпорны аграрлық техникалары мен ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралап, өңір еңбеккерлерінің жұмыстарына табыс тіледі.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының барысында Текелі тау-кен өңдеу кешенінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Елбасына өндіріске енгізілген инновациялық технологиялар, қайта балқытылған шойын алу арқылы темір рудасын өндіру және өңдеу жобасының іске асырылу барысы туралы баяндалды.