10:59, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елбасы Алматыда жаңа білім ордасының тұсауын кесті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған жаңа білім ордасының тұсауын кесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл республикадағы 165 ауданның ішіндегі халқы ең көп саналатын Алматы қаласының Әуезов ауданындағы биылғы жылы іске қосылған екінші жалпы білім беру мектебі. Бұл Қалқаман 3 шағынауданында пайдалануға берілген №176 жалпы білім беретін мектеп 1200 оқушыға арналған. Оның құрылысы Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2007 жылдың желтоқсанында басталған болатын. 1 млрд. 631 млн. 104 мың теңге тұратын бұл жобаның мердігері «Нұр Маржан СтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда 312 мың тұрғыны бар Әуезов ауданында мектеп жасындағы 36 мың 332 бала бар.