Елбасы АӨІСШК-нің мерейтойлық саммитін ашады

АСТАНА.  12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін  Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 20 жылдығына арналған Кеңестің мерейтойлық сессиясы мен сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесу өтеді.

Елбасы АӨІСШК-нің мерейтойлық саммитін ашады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы мерейтойлық саммитті ашады деп күтілуде.

Мерейтойлық сессия барысында Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы, Ауғанстандағы жағдай, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау, трансұлттық қылмысқа қарсы тұру, сондай-ақ АӨІСШК ауқымындағы экономикалық ынтымақтастықтың басымдықтары сияқты өзекті тақырыптар бойынша пікір алысу көзделуде.
Кездесуге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 24 мүше-елдерінің делегациясы қатысады. Қонақ ретінде 8 мемлекеттің сыртқы істер министрлері және 14 халықаралық ұйымдар басшылары шақырылды. Форум шеңберінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов пен бірқатар мемлекеттердің сыртқы саясат ведомствосы басшыларының кездесулері жоспарланған.

Сессия қорытындысында министрлер мерейтойлық кездесуінің декларациясы қабылданатыны күтіледі. Құжат Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Кеңестің күш-жігеріне жаңа серпін бермек.

Тоқтала кететін жайт, 2014 жылға дейін Түркия Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлер кеңесінің төрағасы болып табылады. 2014 жылдан бастап төрағалық Қытай Халық Республикасына көшеді.

 

Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру жөнінде бастама ұсынғанына 20 жыл толады. Бүгінгі күні Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы кіреді. АҚШ, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппин, сондай-ақ БҰҰ, Араб мемлекеттерінің Лигасы және ЕҚЫҰ бақылаушы мәртебесіне ие.