17:23, 22 Сәуір 2013 | GMT +5
Елбасы Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің маңындағы саз-батпақты жерлерді тәртіпке келтіруді жүктеді
АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан елорданы бұдан әрі қарай дамытуға арналған жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің маңындағы саз-батпақты жерлерді тәртіпке келтіруді тапсырды.
«2008-2010 жылдардағы Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлі күнге дейін пәтерлердің 35 пайызына жуығы пайдалануға берілмеген. Бұл үйлерді адамдар күтіп отыр. Сонымен қатар тапсырылған үйлер бойынша да шағымдар баршылық»,-деді Мемлекет басшысы.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған кейбір үйлердің тұрғындары тізеден келетін саз-балшықты кешіп жүр. Бұл бекер сөз емес, қажет болса бұл келеңсіздіктер көрсетілген фотосуреттерді паш етуге болады. Такси мен жеделжәрдем көліктері бұл тұрғын үйлерге жақындай алмай жүр. Бұл қай үйлер екенін өздеріңіз жақсы білесіздер»,-деп түйді Н. Назарбаев.