Елбасы Астанада өтіп жатқан Ат спортынан ҚР Президентінің кубогы үшін жарысты тамашалауда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарысты ЕNRC компаниясының қолдауымен Халықаралық ат спорты федерациясы, Ұлттық олимпиада комитеті, ҚР Ат спорты федерациясы және ҚР Қорғаныс министрігі Армияшылардың орталық спорттық клубы ұйымдастырып отыр. Оған Әзірбайжан, Беларус, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Украина елдерінен отыздан астам шабандоздар қатысуда. Шабандоздар мінген аттар биіктігі 1,35 метр болатын 13 кедергіні еңсеруден жарысқа түсуде.
Қазақстан Ат спорты федерациясының бас хатшысы, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Сергей Буйкевичтің айтуынша, ат спортынан Орталық Азияның чемпионаты елімізде 13-ші, ал ҚР Президентінің кубогы үшін жарыс 9-шы мәрте ұйымдастырылып отыр.
«Бұл әншейін халықаралық деңгейдегі, Әлем кубогы кезеңіндегі жарыс емес. Бұл - ҚР Президентінің кубогы үшін өтіп жатқан жарыс. Бұл біз үшін осы маусымдағы маңызды турнир. Себебі осы жарыс 2010 жылы өтетін Азия ойындарының іріктеу кезеңі болып табылады. Сонымен қатар біз бұл жарыста жастарды сынаудамыз. Себебі, 2010 жылы жастар үшін Сингапурде бірінші олимпиадалық ойындар өтеді», деді ол.
С. Буйкевич жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. «Халықаралық ат спорты федерациясының өкілдері, төрешілер комиссиясының тарапынан ешқандай ескертулер болып жатқан жоқ. Кеше Қазақстан және Қырғызстан командалары арасында текетірес командалық жарыс болды. Онда небәрі 12 айып ұпайын алған біздің команда жеңіске жетті», деді ол.
Айта кетейік, Ат спортынан Орталық Азияның 3-ші чемпионаты Әлем кубогының Орталық Азия лигасының үшінші кезеңі болып табылады. Бұған дейінгі екі кезең Бішкекте және Ташкентте өткен. Үш кезеңнің жеңімпазы Швецияда өткізілуі жоспарланып отырған Әлем кубогы үшін жарыстың финалына қатысатын болады.