Елбасы Астанадағы төбесі жабық жаңа стадионның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

АНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатына қатысты,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын Астана күнінің қарсаңында жаңа ғимараттарды іске қосып, елді қуантатын дәстүріміз бар. Сол дәстүрмен бүгін біздің өңірде теңдесі жоқ Қазақстандағы төбесі жабық бірегей футбол стадионын іске қосып отырмын. Бұл еліміздің тағы да бір мүмкіндігін көрсететін айтулы шара», - деді оның салтанатты ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент жаңа стадион УЕФА-ның барлық стандарттарына сай салынғанын атап көрсетті. «Біздің футболшыларымыз жаңадан Еуропа алаңдарына шығып, дүниежүзіне көріне бастады. Олар әлі жас. Біз әлі алда олардың тамаша жетістіктеріне куә боламыз», - деді Президент.

Елбасы стадион қысы-жазы жұмыс істей беретінін айта келе, «жастарымызды спортқа бейімдеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда бұл стадион аса қажет» -  деді. Бұдан әрі Елбасы: «Енді екі жылдан кейін Қазақстанда жетінші  Қысқы Азия ойындары болады. Оның ашылуы мен жабылуы дәл осы стадионда өтеді», - деп атап өтті.

Елбасы қазақстандықтар Астанадағы жаңа стадионда дүние жүзінің ең үздік футбол командаларын, үздік ойыншыларын көре алатынын атап көрсетті. Халқымыз үшін, жастарымызды спортқа баулу үшін бұл - өте қажетті ғимарат бәрімізге құтты болсын!», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, жаңа стадионда бүгін алғашқы футбол матчы өтуде. Онда елорданың «Локомотив» командасы мен Қазақстан жастар құрамасы кездесуде.

Ауданы 23 гектарды алатын стадионның құрылысы 2006 жылдың мамыр айында басталған. Ені 68 метр, ал ұзындығы 105 метр болатын футбол алаңы ФИФА мен УЕФА-ның стандарттарына толық сәйкес жасалған.  Жаңа футбол стадионының  ерекшелігі - 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар.  Қысты күннің өзінде стадионның ішіндегі температура 15-18 градустан төмен түспейді. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Стадионның жобасында көлік тұратын 1700 орындық орын қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар