Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы Астанадағы жаңа балалар ауруханасында болды

АСТАНА.  29 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін, жұма күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада 350 орынға арналған қалалық көпбейінді балалар ауруханасын аралап көрді.

Елбасы Астанадағы жаңа балалар ауруханасында болды

Ауысымына 250 келушіге есептелген консультативті диагностикалық емханасы бар аурухана елордалық балаларға стационарлық-хирургиялық, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуді жақсартуға бағытталған серпінді жоба болып табылады.

Аумағы 56 мың шаршы метр болатын кешен, 8 блоктан құралған. Аурухананы үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 16,479 млрд. теңгені құрады.

«Астанадағы медицина ұйымдары ең үздік болулары керек. Бүкіл елге үлгі болулары тиіс. Астанада ең қуатты онкологиялық орталық құрылып жатқанын білесіздер. Мұндағы дәрігерлер Оңтүстік Корея, Израиль сынды елдерде білім алған кәсіби мамандар. Енді барлығы сіздердің қолдарыңызда»,-деді Елбасы аурухана қызметкерлерімен сөйлесу барысында.

ҚР Президенті Н. Назарбаев, соның ішінде балалар денсаулығы ерекше назарда болатынын атап өтті.

«Аурухана ең үздік техникамен жабдықталған. Елордада балалар ауруханасы жағынан тапшылық сезілген болатын. Әсіресе, хирургиялық бөлімдер жетіспеді. Сол мәселелердің барлығы аурухана іске қосылғаннан кейін шешімін табады. Оның ең басты басымдылығы - баланың туғанынан бастап, ересек болғанға дейін ем көрсетудің барлық мүмкіндіктерін жасауы»,-деді  №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қаршыға Құлмұқанов.

Оның айтуынша, ауруханада 1500 қызметкер жұмыс істейтін болады. Оның 300-ден астамы дәрігер, 600-ге жуығы - медбике. Стационардың өтімділігі жылына 14 мың балаларды емдеуге арналған.

Аурухана стационарында 14 клиникалық және 6 қосымша бөлімше, 2 қабылдау бөлмесі бар. Мұнда жататын балалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүлдіршіндер анасымен бірге болуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бөлімдегі палаталардың барлығы тек 1-2 орындық. Бұл ота жасаған кезде аурудың қайта асқынуына жол бермеуге, отаға дейінгі және одан кейінгі кезеңде түрлі ауруларды жұқтыру мүмкіндігін болдырмауға кепілдік береді.

Жаңа мүмкіндіктердің арқасында балалар арасында өлім және мүгедектік деңгейін азайту көзделуде. Сонымен қатар ем алу үшін шетелге баратын балалар саны да едәуір қысқарады. Аурухана мамандары Оңтүстік Корея, Израиль, Австрия, Белоруссия және Ресейден оқып келген.