Елбасы Атыраудағы газтурбиналы қондырғыларды жөндеу жөніндегі зауыт жұмысымен танысты
АТЫРАУ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев газтурбиналы қондырғылар мен жабдықтарды жөндеу жөніндегі жаңа зауыттың жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы бұл зауыттың елдің машина жасау саласын дамыту бағдарламасы аясында салынғандығы туралы хабардар болды. 2010 жылдың жазында пайдалануға берілген кәсіпорын «ҚазҚұбырЖөндеу» ЖШС тапсырысы бойынша бой көтерген. Оның жалпы құны - 6 млрд. теңге. Мұның 600 млн. теңгесі тапсырыс берушінің өз қаржысы болса, 5 млрд. 340 млн. теңгесі - несиелік қаражат.
Президент нысанның жобалық қуаттылығымен танысты. Мамандардың хабарлауынша, зауыт газтурбиналы қондырғыларды жылына 18 күрделі жөндеуден, 12 жай жөндеуден өткізе алады. Қазіргі таңда зауыт мұнайгаз құрал-жабдықтарына арналған қосымша бөліктерді шығаруымен айналысып, бір реттік тапсырыстарды орындауда. Жұмысшылардың жалпы саны - 157 адам.