Елбасы айтқандай, ауыл шаруашылығы дамыса, еліміз де алға басады - профессор Б.Траисов
ОРАЛ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығында бизнестің дамуы үшін барлық кедергіні жою қажеттігін атап өтті.
«Болашақ - агралық секторда...» деген Елбасы сөзін толық қолдаймыз. Өйткені ауыл шаруашылығы дамыса, еліміз де алға басады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мал шаруашылығы және агробиотехнология департаментінің директоры Балуаш Траисов мәлім етті.
«Фермерлер ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуы тиіс» деген Елбасымыз аграрлық ғылымды дамытуға да баса назар аударды. Президент айтқандай, Қазақстанның ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуына толық мүмкіндік бар.
«Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бағытында кадрлар әлеуеті, материалдық-техникалық база жеткілікті. Қазірдің өзінде мұнда озық технологияларды қолдана отырып, аграрлық салаға қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасай отырып, Жолдауда қойылған міндеттерді орындайтын боламыз», деді Б.Траисов.