Елбасы азық-түлік бағаларын салыстырып шықты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде сөз сөйлеген партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев базардағы бағаларды салыстырып шықты.

Елбасы азық-түлік бағаларын салыстырып шықты  (ФОТО)

Сөз барысында Елбасы ұлттық валюта мәселесіне тоқтала келе, теңгені қолдау әрбір азаматтың парызы екенін алға тартты. «Долларды ұмытайық. Біз теңгемен өмір сүреміз, бәрін теңгеге сатып аламыз, теңгемен есеп айырысамыз. Сондықтан да, бізге доллар емес, теңге маңызды. Осының алдында ғана мен астаналық бірқатар базарға барып, негізгі азық-түлік тауарларына қатысты бағаларды салыстырып шықтым», - деді Н. Назарбаев.

Президенттің айтуынша, былтырғы жылдың қаңтар айында сиыр еті келісіне 1270 теңгені құраса, қазір 1150 теңге тұрады. Жылқы еті - 1600 болса, қазір 1400 теңге, нан былтыр да биыл да 108 теңге, өзгеріссіз қалды. Сүт бағасы 199 теңге болса, қазір 175 теңге. Макаронның келісі 257 теңге болса, қазір -170, картоптың келісі - 96 теңге еді, қазір - 80 теңге.

«Тағы не жейміз? Қырыққабат 101 теңге болса, қазір - 107 теңге, қызанақ - былтыр 600 теңге болса, қазір 850 - қыста көп ала бастаған шығармыз. Енді лимон 150 теңгеге қымбаттаған. Әрине, лимонсыз да өмір сүруге болады ғой», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент құрылыс материалдарының бағасын да салыстырып берді. Бетон былтырғы қаңтарда тоннасына 8 200 теңге болатын, қазір - 7200, кірпіш - 8220 еді, қазір - 8300, арматура да солай, былтыр - 79 мың болса, қазір 76 мың теңгені құрап отыр.

«Егер біз бақыласақ, Қазақстанда шығарылатындардың бәрі қымбаттамайды, қымбаттамауы да керек. Ал сырттан келетіндерді қарау керек. Қарапайым азаматтарға осыны түсіндіру қажет», - деді Н. Назарбаев.1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19